Баланың бәрі дарынды

269

0

Сіз білесіз бе, сәбидің бәрі дарынды болып туады. Жатып алып уілдейтін тынышсыз баланы ұйықтатып тастаймыз немесе қабырғаны жағалап жүріп сызғылай бастаған баланың қолындағы қаламын тартып аламыз. Біз осы әрекетіміз арқылы бәлкім бір әнші мен суретшіні өз дарынынан айырған шығармыз, кім білсін. Есейе келе әр нәрсеге қызыққан өскінді де тәртіптеп отыратынымыз бар. Дана қазақ мұндайда «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп әрекетіне қарекет қосуды мақұл көрген.

Қарапайым отбасының тұңғышы да, кенжесі де болып өскен Гүлжан жасынан білмекке құмар болды. Кейде кездейсоқ сұрақты қойып, ата-анасын ойлантып қоятын. Оның осындай мінезіне қарап шағын кәсіппен айналысатын әкесі Асылбек пен анасы Райхан Гүлжанның оқуына көп көңіл бөлді.

Өзі де кітапты жастанып оқитын қыз мектепте жүріп, оқушылар арасындағы Қазақстан тарихы бойынша ғылыми жобаларға қатысып, үнемі алдыңғы орындардан көрінді. Тарих пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Мұсаева мен ҚМУ-дағы ғылыми жетекшісі Наурызбай Байқадамов еді. Осы екі кісі мектептегі ата-анасы болды десек те дөп түсеміз. Гүлжан Кәрібаева осылайша Қызылордадағы №15 гимназияны  «Алтын белгімен» бітіріп, Еуразия ұлттық университетінің студенті атанды. 

Мектепте жүргенде-ақ ағылшын тіліне бейімді еді. «Керек тастың ауырлығы жоқ», тарихшы болсам да, әлемдік тілдің бір қадеге жарайтыны рас қой деп ойлады. «Мың естігеннен бір көрген артық» демек­ші, кітаптағы бір бөлек, өмірдегі бір басқа емес пе, Гүлжан ағылшындармен кәдімгі күнделікті тірлікте араласып, сөйлесуді қалайтын. Сол ойына жол ашылды. Қазақстан мен Америка арасындағы достық қарым-қатынастың келісімі аясында студенттер үшін қарастырылған бір тармақ бар екен. Осы тармақ бойынша Қазақстан студенттері үш ай демалысында АҚШ-қа барып жұмыс істей алады делінген.  Бұл үшін арнайы бағдарлама да түзілген. Осы бағдарлама бойынша Гүлжан бірге оқитын қызылордалық құрбысы Ақмарал Исаева екеуі Америкаға аттанады. Сондағы екеуінің де негізгі мақсаты тереңірек тіл үйрену еді.

Такси тоқтатуға болмайды, бірақ пәтер тегін

Студентті мұндай алыс елге бара көрерсің деп ешкім жібере салмайды. Аталған бағдар­лама арқылы алдын ала шарт жасалады. Сол шарт бойынша Монтана штатының Бозмен қаласында «Мк Дональдс» брендімен жұмыс істейтін дәмханаларда жұмыс бар деген хат келген. Хаттағы мекен-жайды тауып алмақ болып екі қыз қала ішіне кірген соң таксиге қол көтерді. Таксидің тоқтайтын түрі жоқ. Бізді жатсынып тұр ма деп бір-біріне қарайды. Әлден уақытта барып бір жеңіл көлік тоқтай қалды. Жүргізушісі әйел кісі екен. Екі қыз да әжептеуір ағылшынша біледі. Өздерінің Қазақстаннан жұмыс іздеп келгендерін түсіндіріп, пәтер жағы қалай болады деген сұрақтарын қойып жатыр. Бұл кісінің аты Хэлен екен, біздегі Қалима деген сияқты бұл да ағылшында жиі кездесетін есім. Өзі жазушы болып шықты. Екі қызға ә дегеннен қамқорлық таныта сөйледі. Қанша дегенмен жазушы ғой, қазақтардың тарихын сұрап білгісі келді ме, жоқ туасы қайырымды кісі ме, әйтеуір менің үйіме тегін тұра беріңдер деп қыздарға іштартып қалды. Өзінің екі қабатты әдемі үйі бар екен, күйеуі мен баласы үшеуі ғана, екінші қабаты бос. Бұл қыздарға тамаша сый болды. Хэленді Қалима апалары секілді жақсы көріп кетті.

Кейін білгендері бұл жақта таксиге қол көтермейді екен, керек  адам шақырту қыз­метін пайдаланатынын бұлар қайдан білсін.

«Мк Дональдс» ұнамады, Капитолийдің кәдесыйы

Екі қыз шақыртқан жерге жұмысқа барды. Бұл негізі жылдам тамақ дайындайтын дәмханалар жүйесі делінеді. Барды да жұмысқа кірісіп кетті. Екеуі де тіл біледі. Қиындық келтірген ештеңе жоқ. Бірақ… олардың гамбургері шошқа етінен дайындалады екен. Басқа жұмыс табудың жолын іздеді. Кенет, Гүлжанның ілулі газеттегі жарнамаға көзі түсті. Ауруханаға ұсақ-түйек жұмысшы керек депті.

Дереу екеуі сол аурухананы іздеп тапты. Олар да жұмысқа ала қойды. Сонда екеуі «Сен маған бір қадам жақындасаң, мен саған қарай екі қадам аттаймын» деген Жаратушының сөзін еске алды. Сонымен ақ желек киіп, дәрігерлердің «барып кел, алып кел» жұмысын атқарды. Жалақысы да жақсы, бәрінен бұрынғы ең үлкен олжалары күн сайын өздері білмейтін төрт-бес сөз үйренгендері болды. Осылайша, үш ай уақыт өтті.

Елге қайтатын кезде Американың көрікті жерлерін, тарихи орындарын аралады. Соның ішіндегі естен кетпейтін Вашингтондағы Капитолийге барғандары.

Капитолий – Американың бірінші прези­денті Джорж Вашингтоның өзі іргетасын қалаған АҚШ билігінің символы. Биіктігі тоқсан метрге жуықтайтын тарихи ғимаратта жоғарғы билік органы Конгресс мәжілістері өтеді. Сонымен бірге бұл ғажап орын жылына бес миллиондай турист тамашалайтын музей.

Екі қыз осы музей-ғимаратқа барғанда сая­хатшылар басшысы көп адамға «АҚШ-тың бірінші президенті кім?», «Конститутциясы қашан қабылданды?» деген сияқты оңай сұрақтар қойып жатыр екен. Бірақ, ешкім жауап берер емес. Топтың ішінен Гүлжан алға шығып гидтің барлық сұрақтарына жауап берді. Қара қыздың ағылшынша сайрап тұрғанына әрі дұрыс жауап бергеніне риза болған саяхатшылар жетекшісінің Гүлжанға кәдесый жасағаны бар.

Бұл жақтың тағы бір қызық жері, гео­графиялық білімге шорқақ, бәлкім, қызық­пайтындығы, бәлкім, керек емес деп санай­тындығы. «Қазақстаннан келдім» десең, «пойызбен келдің бе» деп қарап тұратындықтарын қайтерсің. «Ватикан қай тілде сөйлейді?» десе, «латын тілінде» деп, «Анголаның астанасы не?» десе «Луанда» деп әбжіл жауап беретін бұларды мына жердің ештеңеге қызықпайтын адамдары тағы бір қырымен таңғалдырды.

Тұңғыш Президент музейі

«Еуразияның» бакалаврын қызыл ­диплом­­мен бітірген Гүлжан екіжылдық магис­тра­ту­раға қалды. Оқып жүріп Астанадағы Тұңғыш Президент музейіне жұмысқа тұрды. Ағылшын тілін жетік білсем деген ойы орындалды. Енді осы еңбегінің іс жүзіндегі пайдасын көретін кез жеткен сияқты.

Қазіргі Президент музейі – ­ ел астанасы Алматыдан Ақмола­ға көшірілген кезде, 1997-2004 жыл ара­лығында тұңғыш Президентіміздің жұмыс орны орна­лас­қан ғимарат. Осы төрт қабатты ғи­ма­ратта тәуелсіз еліміздің алғашқы жыл­дарындағы маңызды құжаттарына қол қойылып, тарихи шаралар өткізілген. Кейіннен Ақ орда салынған соң Президент әкімшілігі сонда көшті де, бұл ғимарат Президент музейі болып қалды. Шет елден келген туристер осы тамаша орынға міндетті түрде соғып, бір аялдап кетеді. Өйткені ғажап ғимараттың ішінен Мемлекет басшысының тәуел­сіздік жылдарындағы атқарған еңбек­теріне, тәуелсіз Қазақстанның қалып­тасуына қатысты көз қанықтыруға болады. Әсіресе, келушілер Тұңғыш Президентке берілген дүние­дегі әртүрлі елдердің марапаттары мен сыйлықтарына қызыға қарайды. Гид Гүлжан осының бәрін шет елден келген қонақтарға өте жатық тілмен түсіндіре біледі.

Білім ауырласа, бойың жеңілдейді

Жұмысты қатар алып жүріп магистратураны бітірген Гүлжан тағы оқығысы келді.

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы­ның  мәдениет қызметкерлері білімін шет елдерде жетілдіру туралы арнайы тармағы болды. Президент музейінің директорына осы жөнінде айтып көріп еді, дереу қолдау білдіріп, мінездеме берді. Сөйтіп, музейде жұмыс істеп жүрген Гүлжан академиялық демалыс алды.

Бұл кезде тұрмыс құрған Гүлжанның жолдасы Арман да оқу үшін Ұлыбританияға бірге барды. Кішкентай Ибрашты бірге алып кетті. Сонымен екеуі «Дарем» университетіне оқуға түсті. Арман – исламдық қаржыландыру, өзі халықаралық мәдени мұра менеджементі мамандығын алып шықпақ. Ұлдары Ибраш болса, амал жоқ, ағылшын мектебіне барды. Қанша дегенмен, дарындылық ата-анасының тегінде бар, ағылшыншасы қазақшасын ұмыттыра алмады. Бұлардың жиырма беске келіп үйренген үш тілін ол сөйтіп сегіз жасында меңгеріп алды.

Гүлжан болашақта ЮНЕСКО-ның құзы­рына қарайтын қызметке барғысы келеді. Өйткені ол мәдениетті қорғауға, қолдауға баса күш салатын ұйым. Осы ұйым арқылы жас талант өз халқының ұлттық мұраларын дүниеге таныту ісіне үлес қоссам деп армандайды. Төрт тілді қатар сөйлейді, болашақта басқа тілдерді білсем деген талабы тағы бар.

Бір білгені, адамның білімі ауырлаған сайын бойы жеңілдей береді екен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<