Домбырашылар мен қобызшылар байқауы өтті

300

0

Республика күніне орай, III Интернационал ауылындағы Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінде этнос оқушылары арасында домбыра мен қобыз тартудан байқау өтті.

Ұлттық құндылықты дәріптейтін байқауға әртүрлі жастағы 14 оқушы қатысты. Республикалық «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткен домбырашылар байқауы өңірде екінші мәрте өтуде. Айта кететіні, ауылдағы өнер мектебінде 64 оқушы болса, соның 15-і түрлі этнос өкілдері.

Шара барысында жас өнерпаздар «Балбырауын», «Қос алқа», «Тойбастар», «Балбұлақ», «Кербез сұлу», «Айнам қалды», «Адай» күйлерін тартса, қобызшылар «Қараторғай», «Балқадиша», «Арыс жағасында», «Сәулем-ай» халық әндерін ұстаздарының қолдауымен фортепианоның сүйемелдеуінде орындады.

Домбырашылар мен қобызшылар байқауы өтті

Әділ қазылар құрамындағы Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Шахизат Абдраманова «Мың бала» жобасы аясындағы атқарылған ауқымды шараларға тоқталып, бүгінгі шараның мән-маңызы жоғары екендігін алға тартты.

«Алдағы уақытта облыстық, республикалық деңгейде өткізу жоспарда бар. Негізінен, мектеп жасындағы күйшілер мен қобызшылар қатысып жатыр. Мақсат — ұлттық өнерді, домбыраны дәріптеу, мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттап, еліміздегі күй өнерін, жас күй, қобыз орындаушыларды жұртшылыққа таныту», – деді.

Қатысушы өнерпаздардың барлығы өз деңгейінде өнер көрсетіп, үлкен қошеметке бөленді. Екі сағатқа созылған байқау нәтижесінде  бірінші жүлделі орынды қобызшы Анита Чен жеңіп алды.

Екінші орынмен Севиля Орманова мен дуэт Ілияс пен Диас Төлеуовтер марапатталды. Ал үшінші орын Орхан Ормановқа бұйырды. Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен  сыйлықтар берілді.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<