Инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды

335

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кәсіпкерлік орталығы Startup Joly инкубациялық бағдарламасының қорытынды  шарасын өткізді.

«QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігінің» қолдауымен тамыз айында басталған инкубациялық бағдарламаның екінші маусымынақатысуға 127 өтінім түскен, ал бағдарламаға 57 жоба қабылданды.

Startup Joly − инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге, кәсіпкерліктің әртүрлі аспектілері, соның ішінде идея, маркетинг, сату және құқықтық мәселелер бойынша дағдыларды арттыруға бағытталған бағдарлама. Бағдарлама аясында қатысушыларға тегін 16 семинар, менторлық сабақтармен бірге  жобаларды идея сатысынан прототип деңгейіне дейін дамыту мақсатында әр тақырыпқа сәйкес білікті мамандар шеберлік сабақтарын өтті.

 Инновациялық жобалар байқауының мақсаты  − өңірдегі үздік инноваторларды анықтау, олардың жобаларын қолдау және дамуына көмектесу. Инкубациялық кезеңнің қорытынды Demo Day шарасында қазылар алқасына 22 жоба таныстырылды. Ұсынылған жобалардың қатарында цифрлы «VR көзілдірік», «Ecotrade», «Syr-Lax», «Janarym AI» тәрізді жобалар бар.

Байқауда  Заманбек Жақсылықов  «BumpIt» жобасы бойынша 500 мың теңге иеленді. Ал,  Арсен Сағидуллаевқа 300 мың теңге табысталды. Айтолқын Ақынбаева «Orda Studio» жобасымен 200 мың теңге жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, қаржылай сыйлықтан бөлек сертификат табысталды. Сертификат арқылы «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» және Astana Hub халықаралық технопаркінің гранттық бағдарламаларына қатыса алады.

«Staryp Joly бағдарламасы аясында жобаны дамыту, іске асыру бойынша көптеген семинарға қатыстым. Инкубациялық кезеңде Demo Day инновациялық жобалар байқауына «BumpIt» жобасын ұсындым.  BumpIt   − көлік компоненттерін арзан және зауыттық сапада өндіруге бағытталған жоба. Қазақстанда көлік жолдарының сапасыздығынан автокөлік компоненттері, бамперлері өзгеріске ұшырайды немесе жарамсыз болады. Осы орайда көлік компоненттеріне қажетті бөлшектерді арзан және сапалы түрде жасауды жөн көрдім», – деді Заманбек Жақсылықов.

Бағдарламаның бас серіктестері – ҚР цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық  агенттігі, Astana Hub халықаралық технопаркі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті. Серіктестер –Қызылорда облысының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы».

Айта кетейік, Startup Jolу инкубациялық бағдарламасының  өткен маусымына қатысуға 135 өтінім түсті. Алғашқы Demo Day-де 8 адамнан құрылған қазылар алқасының бағалауы бойынша Educopter, Dmenu, ecoDabyl жобалары жеңімпаз атанды.

      Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің медиа орталығы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<