Оңталап ақынның «Ой-тұмасы»

2372

0

Қызылорда Жастар театрының жетекшісі, танымал режиссер, талантты ақын, әйгілі «Қорқыт-қобыз» ән мәтінінің авторы Оңталап Нұрмаханов 20 шілде күні 64 жасқа толды. Осы мерекелік күн жадына орай ақынның өлеңдеріне өрелі талдау жасаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Айнагүл Әбуованың жазбасын жариялап отырмыз.

Ақын сөзі қылдан нәзік, қылыштан өткір. Кез-келгенге бұйыра бермейтін сырлы сезім мен көңіл-күй толқыныстарын құдіретті қаламға жүгіндіріп, сұлу сөз зерлеу бақыты ақынға ғана қонған… Оңталап ақынның өлеңдері – мөлт-мөлт етіп үзіліп түскен мөлдір моншақтай ой орамдарынан, төрт аяғын тең басқан төрттағандарынан бейнелі сурет, парасатты пайым, байыпты байлам, шыңғыртқан шындық пен мұнартқан мұң есіледі.

Қамшы-тірлік – қан тамырлы.

Қақ айырдым қалқаныңды.

Талабымды қайырғанша,

Тауыс, кәне, талқанымды, – деп жырлаған ақынның тәуекелі – тәубе, бәсі берік.

Тәуекелім

Көнбейді табалауға.

Шүкір теңдеп,

Қойғанмын тоба нарға.

Отырғанын

Қарашы пиғыл жаман,

Қанатын қаптай

қусырған қара қарға, – деп өзінің рухани әлемін әлдебір сезімсіздерден қызғыштай қориды.

Ақын жанын жегідей жеген жалқы мұңмен жалғыз арпалысады. Өмірдің ащы-тұщысы,қамқорлық пен қиянат, адалдық үшін арпалыс, өктемдікке өкпе өлең боп өріледі. Ақын қиялы дертінің дауасын шырқау көктен, жарқыраған жұлдыздан іздейді.

…Бұғау түсті,қарсыластық, бұлқындық

Жамбасқа алдық,жұлын үздік, жұлқындық.

Тәтті мұңды шалқыма төрге аунатқан

Асты-ағын,үсті-толқын қу тірлік,-дейді ақын.

…Игіліктің жыртығына ілдім біз

Түн-нағашы,жиеніңе жыр мінгіз!

Назар көкте сұлу мүсін ,ақ маңдай

Түсір жерге баданадай бір жұлдыз, – дейді.

Ақынның ой үзіктерінде көркем бейнелі тіркестер, қоршаған дүние суреті тірі адамның көңіл-күйімен астарласа үйлесім тауып, көз алдыңызға әдемі бір әлемді әкелетіндей. Табиғатпен тілдесуі тіпті ерекше.

Талма бүйір

Таңғы шық.

Тиіп кетсе жан құшып.

Күн еңсесін көтерсе,

Ажалы тұр аңдысып, немесе

…Батқан күн –

Шежіре.

Жаңару бар да,

Жоғалу –

Өткеннің қарау

Көзіне.

Бастауға қайта,

Оралу…сынды ой үзіктері адам дейтін табиғат перзентінің атқан таң мен батқан күнге айтар пәтуасы, артар тілегі сынды.

Бірде ақын:

Отырмын,

Жалғыз ой қамау

Терезе – күнге

Телміріп.

Бөрі ойнақ

Бұлттар қоймады-ау,

Жетсем бе екен

Жел мініп , – деп өзіне-өзі сыймай кетсе, енді бірде:

Бүктеледі,

Бөстегімде борша мұң

Борша мұңды

Борықтаудан шаршадым.

Іштей тынып,

Күндей сынып

Бір дауылды аңсадым, – деп ыңыранады.

Ақын өлеңдерінің және бір шоғырының тақырыбы – адамдардың бойындағы жағымсыз мінез-құлық, астамшылдық пен жағымпаздық, араздық пен қысастық туралы. Мәрттік пен төзімділікті дәріптеген шумақтарда көркем бейнелі тіркестермен айналадағы өмір бейнесі тартымды суреттеледі:

Бастырманың

Есігін зорға жапқан,

Боқ бұратып,

Атамыз ұрысады.

Ақ түнек

Үскірігі қарға қатқан,

Жел абалап,

Ит жының тырысады…

немесе

Жынданды

Жел жұлқылап,

Пішен күде

Пұшайман,

Ырылдасты

Ынтымақ,

Мұз суатта

Қыс ойған, – деген тіркестер тірі сурет.

Ошаққа

Бөлген үлес деп,

Айнымас

Ауыл ғұрыптар

Тағы да

Теке тіреспек,

Қол кескен

Қауылдырықтар, немесе:

Жүзін жасырып,

Сөзден шошынып,

Жер жалап жылайды,

Ақ танау

Асылық…

О, сұрыңды ұрайын, – деген жолдардан да астарлы ақиқатты аңғарғандай боласың.

Керзі табан орындамақ жазаны

Кесір иттің ғалам мүсін ғазалы.

Су бүріккен қайыстай боп қайтадан,

Қайран өлең қаламға қол созады, – деп өзі жырлағандай, ақын өз жүрегінен өткізген жан күйзелісін өлең ғып өріп, өзгені де ойландыруға ұмтылады.

Дәулет деп «дорбаңды»

«Барға» бас бұрдың да,

Адалдық алданды

Ар-қамау құрдымда.

Тәубәні

Теуіп тілдейсің,

Іркіп

Жырымды індейсің,

Орныңнан

Орғып кететін

Мүмкіндігіңді

Білмейсің, – дейді бір жолдарында.

Оңталап ақын ой орамдарының бір шоғырында заманауи уақыт бейнесі, қоғам дерті,таяздық пен сатқындықты ашына суреттейді.

Жылпос жүр:

Дәулетім-жүлдем, деп,

Рахат өмір-іргем, деп.

Жусанды қоңыр төбеде

Төбетін жайып жүрген көп, – деп бір түйресе, мына бір жолдарда:

Жоқты талап бөрі тірсек жортып жүр,

Ақты қанап көпке кінә артып жүр,

Берместің пұлын, көрместің құнын сұраған

Өңшең өкпе су бетінде қалқып жүр, – деп күйінеді.

Өмір-өзенде өзегі талғанға тіреу, сағы сынғанға сүйеу болар азаматтықты аңсау, ел мен жер тағдырына бей-жай қарай алмайтын, ұлтын ұлықтар ұл туса деген қалаудан тұрады көп арман-жыры.

Қотыр жел гүлге қасынып,

Қауызы қалды шашылып,

Дәуренін жатыр дестелеп

Жусанды сораң басынып,

Асылық-ай,асылық!

Қадір-қасиет дәріптелсе, асылды асыл, жасықты жасық дейтін дуалы ауыз, көреген кеуде, елдік мәселелерді шешу лайықты тұлғаның құзырында болса деген үмітті үн де бар.

Керткені – сіңір,

Көк езу болып шайнаған.

Өтінен ащы,

Таңдайың салар байбалам.

Боданы басқа

Бүлдіргі кетіп барады-

Қолынан күші,

Бетінен шырай таймаған.

Төрде жатып аунамақ,

Құлқынына қауға орап

Кетіп барат зытқырың.

Бас сияр жер сауғалап.

Халқым!-деп бастап сөздерін.

Пір, саға көріп өздерін.

Құлқынның күйін тыңдайды,

Көр көкірек, көз кебін.

Мыңғырғанның

Болмайды әсте майы құт.

Кие кертіп,

Кергиді құлқын тойынып.

Аттан түс

Кәне, ақылдың жүгін алдына,

Бармақтай

бақтың ара жігін айырып,-дейтін шабытты шумақтар да ердің ерендігін, ел шетінің бүтіндігін тілеуден туған.

Інжу-маржандай тізілген тартымды тармақтарында ақынның өлең сөзге деген ерекше құрметі,өмірінің мәніне балаған жауһар-жырларына жүрегінің төрінен орын беруі ақынның азаматтық болмысын аша түскендей.

Береке күнді бек көрем,

Пендені шетке теппеген.

Ақынның жаны секілді,

Тағдыры тайпақ текті өлең.,

Жер кіндік, ақ ғалам,

Адаммын- мақтанам

Жан-жүрек жырыма

Ар кілтін сақтаған, – деп өзі де өлеңмен қолтаңбасын қойғандай.

Бөсу мен өсу-байбалам.

Қуаныш сатып,

Қайғы алам.

Жүрегім- жалғыз әулием

Арыма ақтық байлаған.

Сағағынан

Үзіледі бидай мұң,

Бидай мұңды

Өлеңіме сыйлаймын.

Түсер едім диірменге,-

Қашты-қуды

Қызығымды қимаймын.

Өлеңімен өрнек салған сыршыл ақынның мұңы-мұратты, қайғысы-қуатты. Жүрегіне бағынған, жұлдыз моншақ тағынған ақынның жыр аспанында найзағайдай жарқ етер сәттер көп болғай!

Айнагүл ӘБУОВА,

ақынның шәкірті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<