Орталық қалалық емханада партиялық бақылау жүргізілді

7

0

Фото: «AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен, қажетті дәрі-дәрмек пен заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Осыған орай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы және комиссия мүшелері облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығы базасында ашылған Орталық қалалық емханада мониторинг жүргізді.

Аталған емхана қалалық емханалардағы жүктемені азайту мақсатында 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда №1, №3 және №6 емханалардан 31 мыңға жуық тұрғын орталыққа тіркелген. Емхана екі ғимаратта орналасқан: З.Шүкіров көшесіндегі ғимаратта бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетілсе, Абай даңғылындағы нысанда ересектер мен балаларға мамандандырылған және диагностикалық қызметтер ұсынылады.

Орталықта медициналық қызметтің 50-ден астам түрі көрсетіледі. Мұнда 22 ересектер және 10 балалар бейіні бойынша қабылдау жүргізіледі. Сонымен қатар эндоскопиялық, ультрадыбыстық, функционалдық, рентгенологиялық, КТ-зерттеулер, ПТР, ИФА, ИХЛ әдістерімен жүргізілетін заманауи зертханалық талдаулар қолжетімді. Кейбір диагностикалық зерттеулер облыс көлемінде тек осы орталықта ғана жүргізіледі.

Халыққа сапалы әрі мамандандырылған көмек көрсету мақсатында сурдологиялық, гепатологиялық және нефрологиялық бөлімшелер ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Сондай-ақ стоматология бөлімі МӘМС аясында ересектер мен балаларға қызмет көрсетеді.

Бас дәрігер Айна Мұхамбетованың айтуынша, орталықта әскерге шақырылушылар да медициналық тексеруден өтеді. Жыл сайын қалалық, аудандық және облыстық әскерге шақыру комиссияларының жолдамасымен шамамен 5 мыңға жуық азамат тексеруден өтеді.

Мониторинг барысында партиялық бақылау тобы медициналық қызметтің қолжетімділігіне, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтардың жеткіліктілігіне назар аударып, ұжым қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Айтылған ұсыныстар тиісті органдарға жолданатын болады.