Ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, өңірге белгілі педагог Орынбасар Абибуллаев атындағы дәстүрлі шәкіртақы марқұм талай жыл табан аудармай қызмет еткен Жаңақорған ауданындағы Ж.Қыдыров атындағы №54 орта мектептің, Төлепберген Әбдірашев атындағы №239 мектептің озат оқушыларына табысталды.
Игі шара 2017-2018 оқу жылы басталған болатын. Содан бері үздіксіз жалғасып келеді. Биыл сегізінші жыл қатарынан беріліп отырған шәкіртақының бір ерекшелігі – оны иемденетін озаттарды мектеп ұжымы, яғни педагогикалық кеңес мүшелері өздері анықтайды. Шәкіртақы ҰБТ нәтижесі бойынша үздік шыққан түлектерге табысталады. Ондағы мақсат – білімді оқушыларды қолдау, ұлағатты ұстаз Орынбасар Абибуллаевтың есімі мен еңбегін ұрпақ жадында сақтау.
2017-2018 оқу жылы шәкіртақы №239 мектептің түлектері Әйгерім Сақибқызы (ҰБТ қорытындысы бойынша 124 балл), Айшабибі Ақболат (115 балл) және Дінмұхамед Әлиевке (119 балл) тағайындалды. Ал №54 мектеп бойынша Аружан Әбділла (124 балл) мен Аделя Жанәділге (ҰБТ шығармашылық бойынша үздік үміткер) берілді.
Әр оқу жылдары Шырын Айтметова, Ұлмира Есмахан, Рамазан Аязбек, Бекарыс Ермахан, Бақдәулет Асанбай, Жадыра Орынбасар, Аяжан Өтеп, Әнел Мейірбек, Ерахмет Сейітбек ұлағатты ұстаз атындағы шәкіртақыға ие болды. 2020-2021 оқу жылы қос мектептің озат оқушылары Артық Тұрсынбек (135 балл), Ақниет Баекешов (126 балл), Береке Қаржауова (132 балл), Ақтілек Рысбай (127 балл) және Қарақат Даниярға (114 балл) табысталды.
Аймақтың білім беру ісінде марқұм Орынбасар Абибуллаевтың өзіндік сара жолы бар. Тірі болғанда биыл 75 жасқа толатын еді. Бүгінде №54, №239 мектептің облыс деңгейінде үздіктер қатарынан түспеуінде ұлағатты ұстаздың қолтаңбасы бар.
Орынбасар Абибуллаев 1974 жылы Жаңақорған ауданы «Келінтөбе» ауылындағы №192 мектепте физика және еңбек пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1980-1989 жылы №239 мектептің директоры болды. 1989-1992 жылы «Талап» кеңшары партия ұйымының хатшысы, кеңшар директорының орынбасары қыметтерін атқарды. 1992 жылдан зейнет жасына дейін Ж.Қыдыров атындағы №54 мектептің директоры болды.
1996 жылы аталған білім ошағы облыста үздік білім ордасы атанып, О.Абибуллаев жемісті еңбегі үшін «Білім беру ісінің үздік қызметкері» белгісімен марапатталды. Ол басқарған білім ошақтары ҰБТ нәтижесі бойынша әлі күнге үздік әрі үлгілі мектептер қатарынан көрініп келеді.
«СБ» ақпарат





