«Таң-Шолпан» журналына Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Әзірбек Ілиясбекұлы «Қарақұм» экспедициясы деректері бойынша жазылған осы өңірдегі көне қоныстар мен тарихи жер-суға байланысты мақаласын жолдаған болатын. Сол мақалаға қоса бірнеше фото жіберіпті. Соның ішінде бетіне әлдебір таңба салынған тасқа назарым ауды. Анықтап қарасам, Күлтегін ескерткіш тасындағы жазуға ұқсас төрт таңба тұр. Оңнан солға қарай оқығанда алғашқы екі таңба анық емес, соңғы мынадай 𐰼𐰃 екі таңба көзіме оттай басылды. Осыдан соң-ақ алдыңғы екі таңбаның не таңба екенін ұға қойдым. Демек ол – 𐱅𐰭 таңбалары. Шынында да анықтап қарағанда осы екі таңбаның сұлбасы байқалады. Бәрін қосып оқығанда – 𐱅𐰭𐰼𐰃 болады. Бұл Теңірі (Теңр – болып жазылады) деген сөз. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк тас романдарында да дәл осылай жазылған.
Бұл тасты Әзірбек 2023 жылы тапқан. Бірақ тас бетіндегі таңбаның не таңба екенін түсінбеген, кейін білетін адамдар табылып қалар деген оймен фотоға тартып алыпты. Ол тас әлі де таудың басында дейді. Тұтас тастың жер бетіне шығып жатқан ұшы ғана екен. Тастың жер астындағы бөлігінде басқа да жазулар болуы мүмкін.
Қайран қаларлық жағдай. Сонау Моңғолияның Орхон өзені мен шалғайдағы Сырдарияға дейінгі (одан да әрі болуы мүмкін) ұланғайыр аумақта өмір сүрген түркі бабаларымыз Тәңірі (Теңірі) сөзін жердің кеңдігіне қарамастан еш қатесіз жазуды біліпті. Бұл көне түркі жазуы түркілір арасында әбден қалыптасқанының, жазуды білетін кісілердің соншалақ сауаттылығының дәлелі.
Сонан соң Әзірбекке хабарласып, бұл тас қай жерде тұрғанын сұрап, білдім. «Тарғыл таудың ұшар басында», – деді. Тарғыл тауы аудан орталығы – Жосалының солтүстік бағытында, шамамен жүз шақырым жерде. Аудан аумағының ең биік жері. Энциклопедияда 160 метр деп жазылған.
Ал осы Тарғал тауы тағы бір деректі еске түсіреді. Ол Қорқыт бабамыздың «Тарғыл тана» күйіне байланысты.
Ел аузындағы мынадай аңыз бар. Қорқыт желмаясымен ел аралап келе жатса, бір тарғыл тана елге ұстатпай қашып жүр екен. Қашан да жұрттың қамын қамдайтын ұлы бақшы (қазір бақсы деп қата айтып жүрміз)желмаясын тебініп, қуа жөнеліпті дейді. Тарғыл тана желмаяға да жеткізбеген көрінеді. Бір жерлерге келгенде ғана тананың өкпесі өшіп құлап, тасқа айналыпты, мынау Тарғыл тау сол тасқа айналған тана екен дейді ел. Сол жерде Қорқыт «Тарғыл тана» күйін тартты дейді ел аузындағы аңыз.
Негізі «Қорқыт мәңгілік өмірді іздепті, ажалдан қашып дүниенің төрт бұрышын түгел шарлапты, бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқандар кездеседі екен, бұл кімнің көрі десе, бұл Қорқыттың көрі дейді екен, сонан соң Қорқыт дарияның бетіне кілем жайып, сол жерде қобызын тартып отыратын болыпты» деп келетін ғажайып әңгімелердің барлығы ел-жұрттың ой-қиялынан құпиясы жасырылып айтылған көркем туындылар. Мұның барлығы Қорқыттың басынан өткен өмірі екен деуге болмайды. Мысалы «Қайда барса да, алдынан көр қазғандар кездеседі» дегені Қорқыт қабылдамаған ислам дінінің алды-артын орап, жайылып бара жатқанын білдіреді. Ал ағын су – мәңгілік өмір нышаны.
Бір анығы Қорқыттың осы Тарғыл тауда болғаны. Мүмкін сол жерлерді жайлаған да шығар. Айтайын дегенім, таудың басына оңашаны сүйетін бақшы болмаса, былайғы ел шыға бермейтіні анық. Демек анау 𐱅𐰭𐰼𐰃 деген жазуды Қорқыттың өзі жазуы мүмкін-ау. Өйткені Қорқыт сияқты ұлы абыз, ұлы бақшы болмаса, жұрттың бәрі қазіргідей жазуды білмейді ғой. Тастың бетінде қалған таңбадан осындай қиялға сенгің де келеді.
СУРЕТТЕР:
1) Теңр 𐱅𐰭𐰼𐰃 сөзі жазылған тас.
2) Сол тасты қарап отырған Әзірбек Ілиясбекұлы мен Шегебай Құндақбайұлы.
3) Тарғыл тау көрінісі.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы





