Қызылордада артық салмағы бар адамдарға арналған МРТ бар

729

0

Қызылорда қаласының тұрғыны Майра Қуанышбаева (аты-жөні өзгертілген) белі қатты ауырып «Q-med» емханасының дәрігерлеріне жүгінген, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Артық салмағы бар 56 жастағы науқаста бел омыртқасының протрузиясы бар. Жергілікті дәрігер оған МРТ диагностикалық тексеруден өту үшін жолдама берді. Емханада салмағы 250 келіге дейінгі адамдар үшін аймақтағы жалғыз магниттік-резонанстық томограф бар.

Жақында емханаларға тіркелу науқаны барысында осы медициналық ұйымға тіркелдім. Мен жақын жерде тұрамын. Бұл емхананы таңдаған себебім, толық адамдарға арналған МРТ және басқа диагностикалық, зертханалық қызметтер, сондай-ақ тәжірибелі мамандар бар. Олар менің ауруларымды жеңуге көмектеседі деп сенемін, – дейді Майра Қуанышбаева.

Көбінесе артық салмағы бар адамдарға магниттік-резонанстық томографияны жүргізуден бас тартады. Бұл жабдықтың салмағының шектеулеріне байланысты – үстел де, томограф капсуласы да белгілі бір өлшемдерге арналған. Барлық томографтар 120 келіден асатын салмақты көтере алмайды, дейді «Q-med» емханасының бас дәрігері Шахмарат Оспанов.

Клиниканың магниттік-резонанстық томографы салмағы 250 келіге дейінгі адамдарға арналған. Диагностикалық зерттеу сәулелік жүктемесіз жүргізіледі. Біздің емхана мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде жақында ашылды. Науқастар ағыны үлкен, – деп атап өтті Шахмарат Оспанов.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 19 мыңнан астам МРТ қызметі көрсетілді. Бұл мақсатқа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 679,3 млн теңге бөлінді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<