Қызылордада BUSINESS KEZDESU өтті

878

0

«Қазақстанда жасалған» белгісі бар,  сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатуға басымдық берген, көлемі мың шаршы метрден кем емес азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды өткізуге арналған сауда орталықтарына 3 млрд теңгеге дейін несие беріледі.

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жобаға мамырда енгізілген өзгерістердің бірі осы. Бұл туралы Қызылордада «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес қолдау тетіктері жөнінде ақпарат ұсынуға арналған шарада айтылды.

Шараны Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы, «Банк Центр кредит» АҚ Қызылорда облыстық филиалы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырды.

Кездесуде Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов Ұлттық жоба шеңберінде көрсетілетін қаржылай емес қолдау тетіктері жөнінде айтып берді.

«Қазір кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға мемлекеттік бағдарлама аясында көрсетілетін қолдау тетіктері жеткілікті. Тек уақытылы хабардар болуы керек. Сол үшін «Центр кредит Банкі» мен «Дамудың» ұсынысын қуана қарсы алып, осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Бұл ұйымдардың бастамасын өзге де қаржы институттары жалғап, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын насихаттауға арналған осындай шараларды ұйымдастырады деген үміттемін», – деді Палата басшысы.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Жомарт Ермағанбет Ұлттық жоба аясында бизнестің жобасын қаржыландыруға арналған бағдарламаларға, олардың талаптары мен ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Ұлттық жобаға осы мамырда өзгерістер енді. Әлеуметтік азық-түлік сататын, сондай-ақ отандық өнімдерге басымдық беретін сауда орталықтарына қолдау бар. Осы саладағы кәсіпкерлер жыл соңына дейін 3 млрд теңгеге дейін несие ала алады», – деді Жомарт Ермағанбет.

Қызылордада BUSINESS KEZDESU өтті

Сонымен бірге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына да өзгеріс енген. Облыс орталықтарында халықаралық қонақ үй желілерінің франшизасы негізінде «3», «4» и «5» жұлдызды жаңа қонақүй құрылысы, қайта жаңғырту және құрал-жабдықтармен жабдықтау жобалары осы бағдарлама аясында субсидияланбақ.

«Банк Центр кредит» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Айбек Бекбанов кәсіпкерлік мақсатта алынған бағдарламаларды «Даму» арқылы субсидиялау жолдарымен таныстырып, банктің бизнес өкілдеріне арналған өзге де өнімдерін таныстырды.

«Осындай кездесулер өткізу арқылы іскерлік ортаның дамуына үлес қосқымыз келеді. Кәсіпкерлер – біз үшін экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбекқор азаматтар, әрі серіктестеріміз. Бизнес өкілдерінің тың бастамасын қолдауға әзірміз», – деді Айбек Бекбанов. 

Одан әрі еркін форматтағы сұхбат бизнес-таңғы аста жалғасты. Бұндай форматты алғаш рет қолданған ұйымдастырушылар алдағы уақытта кәсіпкерліктің салалық бағыттарында да өткізуді көздеп отыр.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<