Қызылордада қызанақ пастасын өндіру қолға алынады

572

0

Инвестиция көрсеткішінің оң нәтижесіне қол жеткізу үшін облыста қолайлы климат қалыптасқан әрі облыс әкімдігі тарапынан инвестиция тарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биылдан бастап түрік компанияларымен бірлескен жобалар жандана бастады. Осы жылдың қыркүйек айында инвестиция саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Түркия еліне жасалған іссапар барысында бір топ түрік инвесторымен кездескен.

Сол сапарда пысықталған жобалардың ішінде қос тараптың қызығушылығын оятқан ірі жобаның бірі – жылына 28 мың тонна томат пастасын өндіру жобасы. «Tat Gida» компаниясының басшылығымен Қызылордада қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланған. Кездесу нәтижесінде шетелдік инвесторлар қыркүйек айында өңірге іссапармен келіп, зауыт орналасатын және томат егілетін жер телімдерімен танысқан. Келер жылы зауыт құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Атап өтерлігі, биыл «Таt» компаниясымен бірлесіп, 10 гектар жерге тәжірибелік қызанақ егілді. Зауыт құрылысы үшін 30 гектер жер телімі табысталды. Жоба бастамашысы қажетті инфрақұрылым жеткізу мақсатында жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге кірісті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<