Мұхтар Оразбаевтың Қазалы ауданына әкім болып келгеніне жылдан астам уақыт өтті. Өңірдің әр түкпіріндегі тұрғындармен үздіксіз кездесіп, саналуан мәселелерін көкейге тоқып, нәтижелі қарекет жасауға тырысуда. Соның бірі Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешенінің құрылысы десек қателеспейтініміз анық. Бұл құрылыс өткен жылы ауыл тұрғындарымен аудан басшысы кездескен тұста көтерілген мәселе болатын.
Жалпы Құмжиек ауылдық округіне қарайтын бұл ауыл Кеңес үкіметі тұсынан спортқа бейім. Бір кездері валейболдан ауыл спортшыларының даңқы шықса, кейінгі жылдары боксшылары да түрлі бәсекелерде топ жарып келеді. Оның айғағы – жуырда ғана даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүр атындағы боксшылар бәсекесі. Еліміздің 10-нан астам өңірінен командалар, 100-ден астам спортшылар келіп, жарыс көрігін қыздырған бұл дода қазалылық спортшылар үшін үлкен серпіліс болды. Тіпті оған Өзбекстанның Ташкент, Шыршық қалаларынан да гүрзі жұдырықты жасөспірімдердің төбе көрсетуі ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырмаса, кемітпесі анық.
Міне, осындай мерейлі шарадан кейін аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы бастаған азаматтар мұнда бой көтеріп, жақын арада халық игілігіне берілетін спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мердігер компания басшыларымен кездесу барысында Мұхтар Әуесұлы спорт кешенінің жұмысын уақытылы, сапалы бітіру керектігін қадап айтты.
– Санаулы күндерден кейін бұл спорт кешенін халық игілігіне беруді көздеп отырмыз. Ауыл халқының сұранысына сәйкес бой көтеріп жатқан кешеннің жұмысы уақытылы бітуі тиіс. Мұнда қазақ халқының болашақ чемпиондары шығып, халқымыздың көк байрағын түрлі додаларда көтереді деп сенемін. Сондықтан барлық тапсырылған жұмыстар үздік, сапалы орындалуы тиіс – деді аудан басшысы.
Спорт кешенінің құрылысын «Ахат + ГС» ЖШС жүргізіп жатыр. Спорт кешені пайдалануға берілген уақытта ауыл балалары еркін күрес, грек-рим күресі, самбо, дзюдо, бокспен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдаланатын болады.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<