Сыр журналистикасының жүйрігі еді

41

0

Сыр журналистикасы ауыр қайғыға душар болды. Бүгін облыстық «Сыр бойы» газетінде 40 жылдай еңбек еткен Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі Жолдасбек Әленұы Ақсақалов өмірден өтті.

Ж.Ақсақалов 1956 жылы 27 қазанда Сырдария ауданында қарасты Абай ауылында дүниеге келген. 1979-1983 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған.

Оқу бітірген жылы облыстық «Ленин жолы»,  қазіргі «Сыр бойы» газетіне корректорлық жұмысқа қабылданып, тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім басшысы  болды. 2006-2012 жылдар аралығында бас редактордың кеңесшісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарды.

Облыстық «Сыр бойы» газеті экономика бөлімінің басшысы ретінде  нарықтық экономиканың алғашқы кезеңінде салмақты сараптамалар жазды. Оқырманға жаңашылдықтарды терең түсіндіріп, қоғамдық пікір қалыптастырды.

Бірнеше кітаптың авторы және шығармашылық конкурстардың жеңімпазы атанды. «Сталиннен Горбачевқа дейін», «Тарих сыр шертеді», «Нағыз полковник», «Экономика. Жасампаздық жаңғыру жолымен: Тәуелсіздік жылдардағы Сыр өңірінің тынысы» кітаптары оқырман тарапынан өте жоғары бағасын алған.

 «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл», «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» медальдарының иегері. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қызылорда облысының және Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен марапатталған. «Қанатты қалам» іс-шарасында түрлі номинациялардың жеңімпазы, 2007 жылы облыс әкімінің стипендианты атанған. «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалімен марапатталған.

Сан алуан тақырыпты жан-жақты зерттеп, қалың оқырманға толымды  туындылар ұсынған қаламгер, редакцияның аға буын ардагері Жолдасбек Ақсақаловтың жарқын бейнесі ұжымдастар жадында сақталады.