Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қоғам санасы жаңғырмайынша, жүзеге асырылып жатқан реформалар толық нәтижеге қол жеткізбейді.
Осыған байланысты руханият саласына ерекше мән беріліп, бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры салынады. Абай және Ақтөбе облыстарында жаңа театрлар бой көтереді. Ал Шымкент қаласында опера және балет театрының құрылысы басталады.
Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толуына орай ғимаратқа жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да жаңғыртылады.
Президент алдағы екі жылда елімізде 100-ден астам мәдениет нысаны жөнделетінін жеткізді. Сондай-ақ музей ісін дамыту маңызды міндеттердің бірі ретінде аталды. Бұл тұрғыда Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейі озық тәжірибе ретінде бағаланды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салу жоспарда бар екенін айтты. Аталған нысандардың құрылысы биыл басталмақ.






