Ынтымақты елде – ырыс көп

629

0

Бүгінгі таңда елдің ауызбіршілігін сақтау – барша халықтың ортақ міндеті. Осы ретте Қазалы ауданының жастарының ұйымдастыруымен өткен сенбіде «Әділетті аудан. Біртұтас жұрт. Берекелі ауыл» тақырыбымен ауқымды шара ұйымдастырылды.

Мазмұны мол шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтты.

– «Бақыт қайда барасың?» дегенде «ынтымағы жарасқан жерге барамын» деген екен. Бүгін ауыл жастарының ұйымдастыруымен расымен де ынтымақ пен ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көріп отырмыз. Үлкендер мен жастардың сыйластығын аңғарып, ұрпақтар сабақтастығының біздің ауданымызда өте сәтті жалғасып жатқанын байқадық. Бұл біздер үшін үлкен қуаныш. Бабалар рухына арнап құрбан шалып, құран оқыту – есті ұрпақтың, иманды жұрттың ісі. Барша атсалысып жатқан азаматтарға үлкен ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы шараны жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жандарды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Ауыл ақсақалы Қарсақбай Әбдірахман да құттықтау сөз сөйлеп, Әйтеке би кентінің оңтүстік-шығыс аумағында тұратын тұрғындардың үндеуін оқып берді. Ол өз үндеуінде «Жеңіс» саябағынан спорт кешенін салу, спорт кешеніне Кеңес одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін беру, Қ.Сәтбаев көшесіндегі балалар алаңын кеңейту сияқты мәселелердің шешімін тапса деген көпшіліктің тілегін білдірді.

Келесі кезекте Жанқожа батыр атындағы орталық мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов дүниеден өткен марқұмдардың рухына құран бағыштады.

Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен Қаныш Сәтбаев пен Әбубәкір Тыныбаев көшелерінің қиылысында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды.

Бұл шараға арнайы келген барлық балалар үшін батуттар қойылып, тәттілер тегін таратылды. Одан бөлек, шараға ұлттық киімдер киіп келген балақайларға да сыйлықтар үлестірілді.

Сонымен қатар, балғын балуандар белдесіп, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер салмағы 30 келі болатын марқа қозыны көтеріп сайысты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерге ұйымдастырушылардың тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ересектер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қой көтеру мен арқан тартыстан жеңімпаз атанғандар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шара аясында Қаныш Сәтбаев пен Әбубәкір Тыныбаев көшелерінің қиылысынан бұлақ ашылды. Игілікті іске аудан әкімі Мұхтар Оразбаев оң болсын айтып, салтанатты түрде бұлақты іске қосты.

Алдағы уақытта тұрғындар осы бұлақтың көмегімен гүлдер мен түрлі көшеттер егіп, гүлзар бағын ашуды жоспарлап отыр.

Ж.Табынбаев,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<