ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті өткен бір жылдың ішінде 4 мыңнан астам шағымды қараған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязованың айтуынша, елдегі бүкіл медициналық ұйымдардың жанынан емделушілерді қолдау орталығын құрып, жұмысын жолға қою үшін он жылдам астам уақыт кеткен.
«Емделушілердің өтінімдері тікелей қаралады. Емделушілерді қолдау орталықтарының міндеті – туындаған даулы мәселені немесе проблеманы сол жерде шешу. Былтыр 4 мыңнан астам өтінім қаралды. 2020 жылы да сол деңгейде болған еді. Түскен өтінімдердің 30 пайызы негізді деп айтуға келеді», – деді Лаура Ахметниязова орталық комиуникациялар қызметінде өткен сарапшылық жиында.
Оның мәліметі бойынша, түскен шағымдардың 70 пайызы медициналық көмектің сапасына қатысты болған.
«Негізі туындаған мәселелердің көбін медициналық ұйым деңгейінде-ақ шешуге болатын еді. Біз емделушілерді қолдау орталықтарының тиімді жұмыс істеуіне басым бағыт беріп отырмыз. Сол орталықтардың жұмыс сапасын арттыру керек. Өйткені медицина ұйымының негізгі күш-жігері адамдарға сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталуы керек. Ішкі бақылауға уақыт пен күш шығындау қосымша кедергі», – деді маман.
Сондай-ақ, ол емделушілердің ең көп шағымданатын мәселелерін атады.
«Біз қарайтын шағымдардың үлкен бөлігі медициналық көмек көрсету, диагностика және емдеу стандарттарының сақталмауына қатысты. Мысалы, стаионарға уақытында жолдама бермеуі мүмкін. Соның кесірінен науқастың сырқаты асқынады. Немесе қондырғы сынып қалғандықтан дагностика дұрыс жасалмай жатады», – деді комитет төрағасының орынбасары.
Дегенмен, кейінгі кезде жедел жәрдем қызметінің сапасына қатысты түсетін шағымдар саны азайған.
«2017 жылы жедел жәрдемнің жұмысына ребрендинг жасалды. Шұғыл медициналық көмектің қолжетімді болуы үшін көп жұмыс атқарылды. Бірыңғай диспетчерлік қызмет жұмыс істеп тұр. Шақыру түскенде ең жақын жердегі бригада жіберілетін болды. Мамандар жылдам жету үшін кезекші машиналарды ұйымдастырдық. Осының арқасында қазір жедел жәрдем қызметіне шағым айтушылар көп емес. Бірақ бұл жаппай шағым азайды деген сөз емес. Шұғыл медициналық көмек қызметіне әлі де сын көп»,- деді Лаура Ахметниязова.






