Желтоқсан жаңғырығы

795

0

Қызылорда «Болашақ» университетінде «Құқықтану және қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты А.Еспенбетованың ұйымдастыруымен «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан!» атты кездесу өтті. Тарихи-танымдық шараның негізгі мақсаты –желтоқсан құрбандарының ерлігін студенттер көңіліне ұялату, патриоттық тәрбие беру, Тәуелсіздікті құрмет тұту.

Кездесуге Желтоқсан оқиғасына қатысушы Аманбай Канетов, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Айман Райымбекова және университеттің аға оқытушысы Асқар Еңсепов қатысты.

Шара модераторы А.Еспенбетова Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызы туралы айтып, алғашқы сөзді А.Канетовке берді. 1986 жылы Алматы театр және өнер институтының 4 курсында оқыған Аманбай Дүйсенұлы бірге оқыған төрт жігітпен студенттер мен жұмысшылардың жатақханаларын аралап, көтерілісті ұйымдастырғаны үшін жазаға тартылған. Ол өзінің 1987 жылы шілдеде сотталғандардың қатарында болып, айыпты деп танылғаны, кейін толықтай ақталғаны жөнінде, сондай-ақ қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Асқар Тоқпановтың шәкірті екендігін айтып, өздерін ұлттық рухта тәрбиелеген ұстазы туралы естеліктерімен бөлісті. Ал желтоқсан оқиғасының куәгері Айман Төребекқызы сол кездері Халық шаруашылығы институтының бірінші курс студенті болғанын, алаңға қалай барғанын әңгімелеп берді. Тарихи оқиғаның тарих ғылымындағы үлес-салмағы, зерттелуі жөнінде Асқар Әлиұлы тарқатып айтып берді.

Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ерліктерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, жастарға патриоттық тәрбие беруде кездесудің әсері зор болды. Кездесу қонақтарының тол­ғана айтқан тәрбиелік мәні зор әңгімелері жас буынға ерекше әсер қалдырды. Кездесу сұрақ-жауап ретінде өтіп, оқытушылар мен студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<