Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған «Студенттік көктем-2022» өнер фестивалі мәресіне жетті. Белсенді жастардың басын қосқан ауқымды шара 18-20 мамыр аралығында ұйымдастырылды.
«Студенттік көктем-2022» өнер фестивалі – оқу орнында дәстүрлі түрде өткізілетін ең ауқымды шаралардың бірі.
Фестивальде қатысушылар «Таныстыру», «DANCE» заманауи және ретро билер, «Шырқайық бірге» эстрада әндері, бейнероликтер байқауы және көрініс қою кезеңдері бойынша бақ сынады.
Студенттердің қоғамдағы белсенділігін, мәдени-шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында өткізілген фестивальге 5 институт бойынша дарынды жастар қатысты.
Шарада университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова білімді де өнерлі жастар ел мақтанышы екенін атап өтті.
– Студенттік шақ – өмірдегі ең жарқын сәттердің бірі. Жастардың осындай ерекше кезеңде білім алып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін шыңдағанына қуаныштымын. Үш күнге созылған байқаудың биылғы ерекшелігі – профессор-оқытушылар студенттермен бірге өнер көрсетті. Ұстаздардың қолдауы байқаудың жоғары деңгейде өтуіне серпін берді деген сенімдемін.
Сыр еліндегі білім мен ғылымның қара шаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті осы кезге дейін жүзмыңдаған түлектің жарқын болашағына жолдама берді. Қазіргі уақытта біздің университтен түлеп ұшқан шәкірттер еліміздің әр аймағында табысты қызмет атқаруда, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Айта кету керек, дәстүрлі шара карантиндік шектеулерге байланысты екі жылдан кейін өткізілді.
Байқау нәтижесінде І орынды «Экономика және құқық» институтының студенттері иеленсе, ІІ орынды «Гуманитарлық педагогикалық» институты, ІІІ орынды «Дәстүрлі өнер» институтының білім алушылары еншіледі.
Сондай-ақ, шара барысында институттар арнайы номинациялармен марапатталды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<