Су шаруашылығының майталманы

314

0

Кеше ғана ортамызда жайраңдап жүрген, жан-жағына, жақын-жуығына қамқоршы, азаматтығы мен адамгершілігі биік асыл ағамыз Әбдіманап Құтжанов жайлы естелік жазамын деп кім ойлаған? Ешкімге зәбірі жоқ, мінезі салмақты, сөзінен жылылық, өңінен ұлылық ұлағат ескен азамат туралы егіле, езіле отырып, қалам тербеу қиын екен…

Әбекең ағамыз жаратылысынан ерекше туған жан еді, үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше, құрдас-замандастарымен құрдастай ақжарыла сөйлесе білетін, ағайындарын бауырына тартып, қамқорлыққа алып жүретін жарқын жүзді,  кең пейілді, үлкен жүректі азамат болатын. Бұл сөзімді бір-екі мысалмен дәйектесем деймін.

Ленин атындағы қазақ политехникалық институтын бітіріп, республика Су шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен институттан тиісті құжаттарымды алып, Қызылорда қаласына келдім. Ол кезде мұнда жақын туыстарымыз жоқ. Марқұм шешем «өзім алып барамын, Қызылордада сіңілім, інім бар, барлығы су саласында жұмыс атқарады” деп бәйек болғаны бар. Сіңлім деп отырғаны – марқұм Райхан Құтжанова, інім деп отырғаны –  Әбдіманап Құтжанов еді.

Содан жиналып жолға шықтық. Жолшыбай шешеме “Қонақ үйге барайық, менде жолдама бар, жұмысқа кедергісіз қабылдайтынын айтам” дедім. Бірақ ол кісі келіспеді. Сонымен кештетіп Әбекеңнің үйіне келдік.

Ағамыздың ақ жүрегімен апасын өзінің анасындай қарсы алғанын көріп таңданып, ішім жылып сала берді. Шешемнің киімдерін алып,  айналып-толғанып, қос көрпеше салып, жастық қойып, төрге отырғызды. Сөйтті де жеңгейге жуан дауыспен: «Қазанға ет сал, шайды тездет!» деп бұйыра сөйледі. Ол шешемнің асты-үстіне түсіп, жағдайын сұрап, ауыл-елдің амандығын біліп елпілдеп тұр. Содан шешем марқұм да әңгімесін бастады «Әметжан-ау, өздерің, бала-шаға қалай? Райхан мен Әскербек күйеу баланың үй-іші аман ба?» деп жағдай сұрасып жатыр.

Олардың бауырмалдығына риза болдым. Бақсақ, бір-бірін көрмегендеріне 15 жылдың жүзі болған. Содан әне-міне дегенше шай да келді. Шай үстінде анам Әбдіманап ағамызға мені таныс­тырды. “Өзімнің сауатым жоқ қой, Әметжан. Балалар оқысын деп осы баламды жерасты суының мамандығына беріп едім. Міне, оқуды бітіріп, жолдамасын алып келіп отыр. Естуімше, сен де сол су шар­уашылығында қызмет етесің ғой, осыған өзіңнің тіл жәрдеміңді беріп, әрі қарай тәрбиеңе алсаң деймін” деді. Әбекең: “Апа, балаңыз­ды тәрбиелейміз, азамат етіп шығаруға бар күш-жігерімізді саламыз, ертеңнен бастап жылжымалы механикаландырылған колоннаға (ПМК) жібереміз. Мастер болып жұмыс атқарады, халықпен жұмыс жасайды, содан әрі қарай мәселе оң шешімін табады» деп бір қуантып қойды.

Менің ойым басқа. Егер рұқсат берсе, «Шалқия» кен орнына барып гидрогеолог болып жұмыс атқару еді. Себебі ол кезде «Шалқия» кен орны енді ашылып жатқан. Бірақ менің ойым іске асатын емес. Келіспей тұр.

Сонымен ертеңіне облыстық су шаруашылығына барлық құжатымды алып келдім. Бастығы Сабыр Шаймерденұлы Арыс­танбаев, бас инженер Сламхан Серікбайұлы Досболов екен, ал Әбекең орынбасары. Сол кезде басшы еңбек демалысында болды да, мені бас инженер қабылдады. Әбекең мені таныстырып, ағайын екенімізді айтып қойды. Түндегі келісім бойынша мені жақын бір ПМК-ға жіберу жөнінде өтініш білдірді. Сламхан Серікбайұлы барлық құжатымды көріп, мені ПМК-ға жібере алмайтынын жеткізді. «Бұл мамандық жөнінде минис­трлікке тапсырыс беріп қойғанбыз, ал бұл баланы суландыру бөліміне инженер етіп қабылдаймыз, қалған мәселе Арыс­танбаев келгесін шешіледі” деді.

Сонымен «Облводхоз» мекемесінің суландыру бөлімінде инженер-технадзор болып шыға келдім. Арада бір ай өткен соң Сабыр Шаймерденұлы еңбек демалысынан келді. Таңертең ол кісіге кіріп, өзімді таныстырып, Жаңақорған ауданының тумасы екенімді, отбасым бар екенін айттым. «Рұқсат берсеңіз, «Шалқия» кен орнына барғым келеді» дедім. Сәкең «Ешқайда бармайсың, біз 3 жылдан бері министрлікке тапсырыс беріп, маманды әрең алып отырмыз. Сондықтан жақсылап жұмыс істе, жас маманға қандай жағдай керек болса, соны жасаймыз» деп шығарып салды.

Сабыр Шаймерденұлы үй берді, көлік берді. 1982 жылдары Әбдіманап Құтжанов «Облсельхозводоснабжение» мекемесіне басшы болып кетті. Мен сол «Облводхоздың» белді маманы болып жұмыс атқарып жүрмін. Баяғы «Шалқияға» бару ұмытылды. Байқаймын, басшылар ауданға жібергісі жоқ, себебі маман орталыққа да керек. Бір күні, 1984 жылдың қазан айы болу керек, Әбдіманап Құтжанов ағамыз үйге телефон шалып, тез хабарласуымды сұрапты. Кештетіп үйіне бардым. Жұмыстан енді келген кезі екен, мені оңаша шығарып алып «Сен біраз тәжірибе жинадың, енді өндіріске бару керек. Сондықтан біздің мекемеге қарасты құрылыс мекемесіне бас инженер болып кел» деді.

Ол – мен үшін үлкен және жауапты жұмыс. Сол себепті бірден уәде беруге жүрексініп, «Бұл жұмысты мен алып кете алмай қалуым ықтимал, сондықтан сеніміңізді ақтай алмасам, ұят болады ғой» дедім. Сондағы айтқан сөзі әлі есімнен кетпейді. «Біріншіден, сені бақылап жүрмін, жұмысқа ұмтылысың бар. Екіншіден, апам сені маған тапсырған, сондықтан сөзді көбейтпей қыз­метке келесің» деді.

Әрине, шешемнің айтқаны мен үшін заң болатын, Әбекең үшін де солай екенін байқадым. Әуелі Құдай, сосын Әбекең ағамның қамқорлығының арқасында қызметке араласып, осы кезге дейін елге, халыққа шама-шарқымша жұмыс атқарып келемін.

Жалпы, Әбекең ағамыз жалғыз маған қамқоршы болған жоқ. Қанатының астына алғандарының арасында елге қызмет етіп жүргендер жетерлік.

Екінші қыры – бұл кісі елдің, су шаруашылығының өсіп-өркендеуіне жан-тәнімен араласатын шыншыл, талапшыл азамат еді. Оның бір дәлелі – Тәуелсіздіктің алғашқы кезінде, ұмытпасам, 1996 жылдың күзінде Су шаруашылығы министрлігі тарап, орнына Су шаруашылығы комитеті құрылды. Оны Төлеген­ов басқаратын. Облыстық су шаруашылығының басшылары Алматы қаласына шақырылды. Арасында мен де бармын. Сонымен жиналыс басталып кетті, Су шаруашылығының төрағасы Төлегенов су шаруашылығына мемлекет тарапынан ешқандай көмек болмайтындығын айтып, әрі қарай мекемені, мамандарды сақтап қалу жөнінде тапсырма бере бастады.

Су шаруашылығы басшылары арагідік бұрыннан осы салада жұмыс атқарып келе жатқан ардагер ағаларымыз бар, барлығы комитет төрағасының хабарламасына қынжылғанымен ой-пікірін айтқысы келмеді. Аздаған үзілістен кейін Әбекең ағамыз трибунаға атып шықты.

– Құрметті төраға! Республикада су шаруашылығының тарауына бірден-бір сіз кінәлісіз. Біз сияқты тәуелсіздік алған өзбек, қырғыз, тәжіктерде министрлік сол қалпында жұмыс атқарып жатыр. Ал бізде  тарау сатысында. Сіз өте мәдениетті, ақылды азаматсыз, бірақ су шаруашылығын қорғап қалуда қабілетіңіз төмен болып отыр. Сондықтан  облыстық коммуналдық су шаруашылығына өтіп, мекемені сақтап қалуға жұмыс жасайтын боламыз, – деп мінбеден түсіп кетті. Міне, мықтылық! Мұндай уәжді өзіне сенген, ісін сүйген, елін құрметтейтін қайраткер ғана айта алады.

Шынында, көп уақыт өтпей мекеме облыстық коммуналдық су шаруашылығы болып қайта құрылды. Мамандарды сақтап қалуға үлес қосып, мемлекеттің, халықтың мүддесі үшін батыл, принципшіл, шыншыл қасиетін таныта білген осындай озық ойлы ағамыздың ақиқат жолындағы жанашыр сөзі тарихтан өшпейді деп білемін. Мен соның куәсімін.

Ұмытпасам, 2004 жылдың жаз айы еді. Қырғыз Респуб­ликасына су және егін шаруа­шылығы мамандарын ұйым­дас­тырып, оны Әбекең ағамыз бастап тәжірибе алмасуға баратын болды. Ол кезде облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет атқарады. Бізді Манас елінің азаматтары ыстық ықыласпен күтіп алды. Сөйтсек, Әбекеңді ол кісілер жақын танитын болып шықты. Барлық объектіге еркін кіріп, тиісті мағлұматтарды алып шықтық. Жаңалықтармен танысып, білісіп болғаннан кейін Ыстықкөлге демалысқа шақыр­ды. Бұл да Әбекеңнің арқасы болатын.

Иә, айта берсек, Әбекең жайлы әңгіме де, естелік те көп. Жақсы адамның артында жақсы ой, жылы пікір қалады ғой. Оның жарқын жүзі, кең жүрек пейілі, кісілік пен кішілікті қатар алып жүрген парасаты бар болмысына тән құбылыс десем, жаңылмаймын.  Су саласының білгір маманы ғана емес, ұтымды ұйымдастырушысы,  білікті басшысы  болуымен де елдің елеулісі атанды.

 

Жорабек НҰРЫМБЕТОВ,

облыстық мәслихат депутаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<