Суға түскенде сақ болыңыз!

341

0

Аймақта суға түсу маусымы басталғалы бері 8 адам суға кеткен. Оның 5-і өткен сенбі-жексенбі күні орын алған. Бүгінде суға кеткендердің 4-нің денесі табылса, біреуі іздестірілу үстінде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмылдыру да­йындығы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Ғабит Жаңабаев хабарлады. Брифингке облыстық төтенше жағдайлар де­партаменті бастығының орын­­басары Саид Молдақараев, оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов, төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Әлімжан Марданов қатысты.

Мамандардың айтуынша, күннің ысуы шомылушылар қатарын көбейтіп қана қоймай, қайғылы жағдайдың орын алуына әкеп соқтыруда. Әсіресе, түнгі мезгілде түсетіндер үшін қауіп зор. Ондай жандарды іздестіру мен бақылау аса қиындық туғызатын көрінеді.

– Қазіргі таңда бақылау жұмыстары қолға алынған. Жергілікті полиция, төтенше жағдайлар департаменті, құт­қару қызметі бюросы кезекшілік жұмыстарын атқаруда. Былтыр 11 адам суға кету фактісімен тіркелсе, биыл 8 жағдай тіркеліп отыр, – деді  облыстық жұмылдыру дайындығы бас­қармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

– Суға түскенде қауіпсіздікті сақтамаумен қатар, ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы қайғылы оқиғалар қатарын арттырып отыр. Сондай-ақ, көпшілігі белгіленбеген жерге,  түнгі мезгілде суға түседі. Күн­дізгі уақытты бақылауға ұстағанмен, кеште адамның қай жағында суға түсіп жатқанын, қандай оқиға болғанын байқау қиын. Сондықтан тұрғындардың арнайы орындарда ғана суға түскені жөн. Әсіресе, демалыс уақыты болғандықтан, ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмағаны дұрыс, – дейді оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов.

М.Отаралы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<