Судьяларды іріктеудің жаңа жүйесі қандай болады?

61

0

  ҚР Жоғарғы сот кеңесі судьяларды іріктеудің жаңа ережелерін мақұлдады, – деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңестің төрағасы Талғат Донақовтың айтуынша, конкурстық жүйе Францияның тәжірибесі негізінде әзірленді. Оны жаңа жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр.

 «Демек, келесі іріктеу шаралары жаңа конкурстық жүйе негізінде ұйымдастырылады. Сондықтан конкурсқа қатысамын деушілер осыны ескеруі керек», – деді Т.Донақов кеңестің бүгінгі отырысында.

Конкурстық жүйе аясында үміткерлердің біліктілігін бағалаудың жаңа тетіктері де енгізілді. Мәселен, алдағы уақытта заңгерлік қызмет бойынша жинақталған тәжірибеге баса назар аударылады. Осыған орай еңбек өтіліне қарай ұпайлар беріледі. 5-10 жылға – 5 ұпай, 10-15 жылға – 10 ұпай, ал заңгерлік қызметі бойынша еңбек өтілі 15 жылдан артық болса, 15 ұпай жазылады. Бұдан бөлек, үміткердің соңғы үш жылдағы тәртіптік жазалары мен үстінен түскен арыз-шағымдары да ескеріледі.

 «Сосын тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Ендігі уақытта біз кеңестің қарауына бір емес, екі кандидатураны шығаратын боламыз. Сонда нақты конкурстық іріктеу жасалады. Бұрын бір үміткер ғана шығарылса, енді екі үміткерден болады. Керек болса, үшеуін шығарамыз. Сол кезде кеңестің жұмысы демократиялық сипатта жүреді. Бәсекелестік болады. Соған дайын болуымыз қажет», – деп атап көрсетті Т.Донақов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз