Сыр өзенінің төменгі ағысын жайлаған өңір халқының өнері сонау Қорқыт абыздан бастау алып, берісі Көшеней жырауға дейін ұлағат жырдың ұзын-сонар легіне ұласқан сүлейлер сарынымен ерекше. Осынау сабақты көшті үзбей жалғап келе жатқан дәстүрлі өнердің бүгінгі насихатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, жырау Алмасбек Алматовтың 70 жас мерейтойына арналған «Жыр керуен» атты шығармашылық кеш өтті.
«Өнер орталығында» өткен тағылымды іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, жазушы, тарихшы-этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы, Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Алмасбек Нұрмаханұлының үзеңгілес әріптестері мен елімізге белгілі шәкірттері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш аясында аймақ басшысы мерейтой иесі Алмасбек Алматовқа құттықтау лебізін білдіріп, өнер өкілінің халқымыздың дәстүрлі шығармашығын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Сонымен қатар, барша Сыр жұртшылығының атынан сый-құрмет көрсетіп, облыстың ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасын» табыстап, автокөлік кілтін тарту етті.
– Сыр өңірі – талай марғасқа жыраулар мен тума таланттарды өмірге әкелген, жыраулық өнердің түп қазығы, алтын көмбесі, алып тайқазаны саналатын құтты мекен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші қорытынды отырысында «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі» деп ерекше атап өткен болатын.
Сыр бойындағы жыраулық өнердің көрнекті өкілі, Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші-ғалым, «Парасат», үшінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алмасбек Нұрмаханұлы Алматов мерейлі 70 жасқа толды.
Алмасбек Нұрмаханұлы – дәуір көшінде дара із қалдырған жыр алыптарының мұрагері, Сыр өңіріне ғана тән жыраулық дәстүрдің сабақтастығына айрықша еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ағамыз жастайынан қолына домбыра алып «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сияқты елге кең тараған дастандарды жырлап, «жас жыршы» атанды. «Сыр сұлуы» ансамблі құрамынан басталған шығармашылық жолы белгілі жырау, ұлағатты ұстаз, өнер зерттеушісі, ғалым, қоғам қайраткері ретінде биік белестерге шығарды.
Егемендік алған жылдар ішінде ұлттық өнердің бұл түріне ерекше көзқарас қалыптасып, ата-бабаларымыздың асыл қазынасы жарқырай түсті. Алдағы уақытта да ұлттық өнеріміздің шамшырағы болып, келер ұрпаққа рухани мұра сыйлай беріңіз, – деді Н.Нәлібаев.
Кеш қонағы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан мерейтой иесіне Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын табыстады. Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов арнау орындады.
Жыр кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова бастаған Айгүл Елшібаева, Ұлжан Байбосынова, Жәкен Омаров сынды белгілі өнер қайраткерлері және Сыр өңірінің жыр жүйріктері Руслан Ахметов, Шолпан Биімбетова, Серік Жақсығұл, Мұхамедәлі Бекпейісов, басқа да ақын-жыршылар Сыр сүлейлерінен және А.Алматов шығармашылығынан жыр-толғаулар орындап, халықтың қошеметіне бөленді. Жыраудың өзі «Жыр бастауын» орындап берді.
Сырбойылық белгілі ғалым Мардан Байділдаевтің ізімен төл өнерді терең зерттеуді қолға алған Алмасбек Алматов Сыр бойында мақам-саз ерекшеліктеріне қарай жыраулық мектептердің қалыптасуына, атадан балаға мирас болған жыраулық өнерді жаңа дәуірге жеткізуге мол еңбек сіңірді.
Жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы бойынша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алушылар кәсіби тұрғыда дәстүрлі жыршылық өнер иесі болып қалыптасты. Осының айғағы, жүздеген шәкірті АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, ел мерейін асқақтатты. Әлі күнге еліміздің әр өңірінде жыраулық дәстүрдің алтын арқауын жалғастырып келеді.
Кеш барысында көпке жария етілген тағы бір жағымды жаңалық, аймақ басшысы жыраудың шәкірттері, Түркия мемлекетінің Анкара музыка және бейнелеу өнері университеті «Дәстүрлі өнер» мамандығының докторанты Малика Алдамжароваға, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады. Сондай-ақ өнер иелеріне облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.
Айта кету керек, А.Алматовтың 70 жас мерейтойы аясында Қорқыт ата атындағы университеттің Студенттер сарайында V томдық таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтті.
Университет тарихында алғаш рет «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының іргетасын қалап, жыр жүйріктерін дайындаған Алмасбек Нұрмаханұлына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры атағы берілді. Ал Қармақшы ауданында «Асыл жырдың Алмасы» атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.





