Суретшілер симпозиумда бас қосты

365

0

Суретшілер   симпозиумда бас қосты «Сырдағы галерея – Қазақстанның үздік суретшілерінің ордасы. Мұнда қазақтың тұңғыш суретшісінен бастап, бүгінде елге аты мәлім өнер иелерінің туындылары қойылған». Мұндай пікір С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өткен «Аға ұрпақ өнері – жастарға аманат» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Аталған шараға отандық өнер иелерімен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей тәрізді көршілес мемлекеттің қылқалам шеберлері қатысты.

Шара талантты жас­тарға қолдау көрсетіп, бейнелеу өнері саласындағы еңбек сі­ңір­ген қайраткерлер мен жас суретшілердің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуды көз­дейді. Сонымен қатар, ұйым­дастырушылар салада жа­ңаша көркем формаларды іздеуді ойға алған. Қазақстан Суретшілер ода­ғы облыс­тық филиалының төрағасы Амангелді Кененбаев Сырдағы симпозиумның мақсаты жайлы айтып өтті.

Шетелдік суретшілер қазақ хал­қының қонақжайлы­лы­ғы мен мәдениетке өзгеше көз­қа­расын тілге тиек қылды. Әсіресе, бейнелеу өне­рінде атақты Қожықов­тар салған сүрлеу­ді сөз етті. Ал саланың бүгінгі майталмандары Иассауи Ағытаев, Қайырбай Зәкіров тәрізді аға буынның жастарға үйретері мол.

– Мен Қырғызстаннан келдім. Сырдария, Түркіс­тан сөздеріне құлағымыз қанық. Қазақ пен қырғыз – ағайынды халық. Қанша ұлт пен ұлыс жойылып кетсе де, біз қос мемлекет – өз мәдениетіміздің мәйегін ұлық­таған елміз. Ұқсас­ты­ғымыз – мәдениетімізде. Түркі­лердің ұлт­­тық құндылығы ешқашан өшпейді, – деді қырғызстандық суретші Урмат Серенов.

Ал Ресей көркем академиясының қызметкері Сергей Секирин халықаралық деңгейдегі шараға көңілге көп нәрсе түйіп, тәжірибе алмасу үшін келгенін айтады.

– Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Меніңше, мұндай шараға атсалысатын әрбір азамат өнерге бейтарап қарамайды. Қаншама сурет­шінің басын қосып отыр. Білмейтініміз көп екен, үйрену үстіндеміз. Біз сөз­­­бен емес, суретпен сөйлейміз. Сондықтан, мұндағы сезіміміз бен көңіл толқынысымыз Қорқыт кешені мен Қамбаш көлінде салатын суретімізден көрінер, – деді ол.

Симпозиумға қатысатын 20 суретші Сыр табиғатын қылқаламға арқау етіп, өз өнерлерін көрсетпек. Ол үшін Қорқыт ата кешені мен Қамбаш көліндегі табиғи жағажай таңдалып отыр.

 

Аян СПАНДИЯР.