Су айдындарында 2307 рейд ұйымдастырылды

645

0

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жыл басынан бері облыстағы су айдындарында балық аулау кезіндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін 2 307 рейд өткізілді. Сондай-ақ, 576 қызметкер мен 268 ерікті қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша облыс тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жауапты мамандары балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.

– Тұрғындар балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ұдайы естен шығармағаны абзал. Өйткені оқыстан болған әрбір әрекет қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Осыған сәйкес, біздің департамент қызметкерлері күнделікті адам көп шоғырланатын аумақтарда дауыс ұлғайтқыш арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, тұрғындарға 93 мыңнан астам жадынама таратылды. Жалпы биыл құтқарушылар 3 адамның өмірін сақтап қалды, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров.

Брифинг барысында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов қарапайым ережелерді түсіндіріп берді.

– Түнгі мезгілде балық аулауға немесе аңшылыққа шығуға тыйым салынады. Сонымен қатар, мұз астынан балық аулаған кезде шектеулі алаңда 2-ден артық шұңқыр тесуге және от жағуға рұқсат етілмейді. Қайықтың жарамдылығын және құрал-жабдықтардың дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу керек, – деді Жандос Шайымұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<