Су ресурстары: Болжам және ендігі міндет

4

0

Кездесуде Сырдария өзені бас­сейніндегі судың аздығы туралы қа­лыптасып отырған ахуал тал­қы­ланды. Нарын-Сырдария каскадына келіп түсетін су көлемі айтарлықтай тө­мендеген. Бұл келесі жылғы веге­та­циялық кезеңде су тапшылығы қаупін тудырады. Оның салдарын ба­рынша азайту мақсатында Су ре­сурстары министрлігі су қойма­ларының жұмыс режимдеріне қатысты бірнеше болжамдық нұсқа әзірледі. Су тым аз келген жағдайда ресурстарды қайта бөлу және лимиттерді түзету қажет болатын сценарийлер пысық­талды.

Су ресурстары шектеулі болған жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ылғалды көп қажет ететін дақылдар алқаптарын қысқарту және құрғақшылыққа төзімді, аз су қажет ететін дақылдарды енгізу арқылы егін алқаптарын әртараптандыру жұмыс­тарын жалғастырып келеді.

Барлық су тұтынушылар судан тапшылық көрмеуі үшін және Сыр­дария өзенінің төменгі ағысында төтенше жағдай туындауына жол бермеу мақсатында Қы­зылорда облы­­сында 2026 жылы күріш егіс­тіктерінің алаңы 70 мың гектардан аспауға тиіс.

Бір айта кететіні, егін алқаптары жыл сайын оңтайландырылып жат­қанына қарамастан, орташа өнімділік өсіп келеді (2024 жылы 85 мың га алқапта гектарынан 58 центнер, 2025 жылы 80 мың га алқапта гектарынан 58,1 центнер алынды). Бұған жаңа күріш сұрып­тарын енгізу және заманауи техниканы пайдалану ықпал етіп отыр.

Сондай-ақ өңірде су үнемдеу техно­логияларын қолданатын егістік көлемі артып келеді. Егін алқап­тарында судың ысырап болуының алдын алу үшін лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл әдіс суды 20%-ға дейін үнемдеп, өнім­ділікті арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 60 мың гектар күріш алқабы тегістелді.

Заманауи су үнемдеу техно­логияларын енгізу тәуекелдерді азай­тып, АӨК-тің орнықты дамуын қам­тамасыз етеді. Бү­гінде бұл тех­но­логиялар республика бо­йынша 500 мың гектардан астам жерде қол­данылуда, ал 2030 жылға қарай көр­сеткішті 1,3 млн гектарға дейін (суармалы жерлердің шамамен 70%-ы) жеткізу жоспарда бар. Аталған мақсаттарға жету үшін Үкімет ке­шенді шаралар қабылдауда, соның ішінде субсидиялау мәселелері де шешілуде.

2026-2028 жылдарға арналған рес­публикалық бюджеттің шең­бе­рінде инвес­тициялық шығын­дарды өтеуге бағытталған жалпы транс­ферттер көзделген, ал қар­жыландыру көлемі 215 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

– Алдағы вегетациялық маусымда жоғарыдан келетін су көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін. Ондай жағдайда су үнемдейтін тех­но­логиялар тыңайтқыштар мен өсім­дікті қорғау құралдарымен қатар өсімдік шаруа­шылығы жүйесінің міндетті элементі болуы тиіс. Қызылорда облы­сының әкімдігі Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігі, Ауыл шаруа­шылығы ми­нистрлігі және ғылыми ұйым­дармен бірлесіп, инновациялық пре­па­раттарды қолдану үшін кемінде 100 гектар жер телімін анықтап, оларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық қолдауды қамтамасыз етуі қажет, – деді Қанат Бозымбаев.

Кездесуде фермерлерге суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз ету және су ресурстарын есепке алуды одан әрі цифрландыру үшін енгізіліп жатқан биллинг жүйесі туралы да айтылды. Бұл – фермерлерді сумен қамтудың толық циклін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа. Оның ішінде өтінім беру және келісімшарт жасасудан бастап, нақты тұтынуды есепке алу және төлем жасауға дейінгі функ­ция­лар­дың барлығы бар. Жүйе процестерді оңтайландырады, суды бөлу мен есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ нақты көлемдерді дәл есепке алуға мүмкіндік береді.

Вегетациялық кезең басталғанға дейін Қызылорда облысының әкім­дігіне диқан­дар арасында тиісті тү­сіндіру жұмыстарын жүргізу тап­сырылды. «Қазсушар» РМК-ға ыл­ғалды көп қажет ететін дақылдарға бекітілген лимиттерге қатаң сәйкес келетін су беру шарттарын жасасу, сондай-ақ құқық қорғау орган­дарымен бірлесіп, алдағы веге­тациялық кезеңде «қара су нары­ғымен» күресті күшейту тапсырылды.

Су шаруашылығындағы ахуал өзгерген жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы вегетациялық кезеңге ар­налған өңірлер бойынша су тұтыну лимиттерін 2026 жылдың 1 ақпа­нына дейін Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне жолдау жүктелді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2026 жыл­дың 1 наурызына дейін ылғалды көп қажет ететін дақыл­дардың егістік құрылымын нақты қолжетімді суару көлеміне сәйкес түзету тапсырылды.

«СБ» ақпарат