ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бейсенбі күні «Қызылорда су жүйесі» МКК нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды.
Біз алдымен Тасбөгет кентіндегі су алу құрылымына бардық. Қызылорда қаласының бас су кешеніне жыл басында электролиз жабдығы орнатылған. Оны сатып алуға және орнатуға 462,3 млн теңге бюджет қаражаты жұмсалған.
– Электролиз аппараты түгел автоматтандырылған. Су жоғары сапалы йодталмаған ас тұзының көмегімен өңделеді. Ол бөшкіге құйылып, насоспен құбырға жіберіледі. Соның арқасында судың сапасы жақсарды, тұтынушыларға қажет мөлшерде беріліп отыр, – дейді «Қызылорда су жүйесі» МКК бас тоған су алу құрылымының бастығы Қайрат Дүйсенбаев.
Ал қаланың «Арай» шағын ауданында орналасқан су алу құрылымында 5 эксплуатациялық барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Жұмыс аяқталуға жақын.
– Бұл жерде 13 ұңғыма бар. Жоспарланған 5 ұңғыманың 4-ін бұрғылап болды. Бұл жұмыстар осы шағын аудан мен сол жағалау халқын толық көлемде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сол жағалауда халық саны көбейіп келеді, сондықтан көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатына баратын судың қысымын арттыруға да септігін тигізеді, – деді учаске басшысы Жүніс Айтілесов.
Қаланың Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол жəне тұрғын үйлер бойында, Айтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында да қызу жұмыс жүріп жатыр. Су алу құрылымына дейінгі су құбыры желісін қайта жаңғыртуға бюджет қаражаты есебінен 181,1 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды.
Айта кетейік, тозған су және кәріз желілерін азайту, сумен жабдықтау мен су бұру қызметінің сапасын арттыру мақсатында департамент 2024 жылға 549483,19 мың теңгенің инвестициялық бағдарламасын бекіткен. Оны жүзеге асыру негізгі қорларды жаңарту, жаңғырту, желілердегі апаттық жағдайды азайту және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде сумен жабдықтау мен сарқынды суды бұру желілерін қайта жаңарту және жаңғырту бойынша жоспарлы тірліктің 69 пайызы орындалды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





