Су тасқыны: Республика бойынша 31 мыңнан астам адам үйіне оралды

304

0

Фото: Бауыржан Ширмединұлы

Жайық өзені су деңгейінің біртіндеп төмендеп келе жатқаны байқалады. Бұл туралы ТЖМ өкілі Асқар Шәріп айтты, деп хабарлады Қазақпарат.

«Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасуда. Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласында Жайық өзенінің су деңгейі біртіндеп төмендеп жатқаны байқалады, су деңгейіне мониторинг жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта үйлерді су басу оқиғасы тіркелген жоқ. Саяжайда қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру үшін аралау жұмысы әлі де жалғасады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, осы сағатта республика бойынша 31 112 адам үйлеріне оралды. 8 566 адам, оның ішінде 3 718 бала эвакуациялау пункттерінде қалып отыр.

«5 677 тұрғын үй мен 2 584 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 11,7 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 5,5 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. Жедел желі телефонына 2 205 қоңырау түсті. Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 32 мыңнан астам адам, 4 мың техника, 773 су сору құралы, 294 жүзу құралы, 13 әуе кемесі жұмылдырылды», – деді Асқар Шәріп.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<