Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары Сиань Цзяотун-Ливерпуль университетінің қауымдастырылған профессоры, археолог және сәулет тарихшысы, PhD, Мартин Гоффриллермен кездесті.
Дәріс барысында профессор археология мен сәулет тарихы саласындағы соңғы ғылыми жетістіктерді баяндап, студенттерді ландшафттық археология, ежелгі сәулет нысандарының зерттеу әдістері және жаңалықтарымен таныстырды. Сонымен қатар, ол қазіргі замандағы 3D модельдеу, географиялық ақпараттық жүйелер (GIS) секілді заманауи технологиялардың осы салаларда қолданылуын жан-жақты түсіндірді.
Мартин Гоффриллер дрондардың археология мен сәулет зерттеулерінде қолданылуы туралы ерекше назар аударып, олардың артықшылықтарын атап өтті. Дрондар арқылы археологиялық нысандарды жоғарыдан түсіріп, кең аумақтарды зерттеу, ежелгі сәулет құрылымдарын дәл модельдеу және картографиялық деректер жинау сынды жұмыстардың тиімділігі артатынын көрсетті. Бұл әдіс дәстүрлі тәсілдермен салыстырғанда уақытты үнемдеп, нақты әрі егжей-тегжейлі мәліметтер жинауға мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған бұл кездесу студенттерге ғылым мен білім саласында жаңа білім мен дағдыларды игеруге жол ашты. Білім алушылар дронды қолдану арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізу әдістеріне ерекше қызығушылық танытып, өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін тереңдетуге ынталанды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<