Қылқаламмен қоғам көрінісіне жан бітіріп, ғаламат туындыларымен көпті мойындатқан сурет өнерінің үздіктері бүгін қасиетті Арал топырағына табан тіреді.
Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай өтетін іс-шаралардың негізгі бөлігі болып саналатын «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы аудан тарихында ең алғаш және табысты бастамалардың бірі. Сондықтан оны өткізудің мазмұны терең.
Сурет өнерінің сан қырын шебер меңгерген таланттар қаладағы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық үйінде болып, классик жазушының туындыларымен танысты. Әдебиет үйінде естелік альбомға өз қолтаңбаларын қалдырып, сөз өнері мен сурет өнерінің өзара сабақтастығы беки түсті.
Туған жердің табиғатын Әбе шығармашылығымен ұштастыра отырып бейнелеу өнерінің қазіргі таңдағы бағыты мен дамуына үлес қосу, кәсіби және талантты суретшілердің өзара тәжірибе алмасуы, сондай-ақ Арал өңірінің тарихи және көрікті орындарын бейнелейтін өнер шығармаларын дайындау мақсатында өткізілетін симпозиум аудан руханиятын байытып, мәдени мұралардың құнды шоғырын қалыптастыруға сеп болмақ.
Ауданға келген суретшілер симпозиуымына қатысушылардың қатарында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Қырғызстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі, Т.Садықов атындағы Қырғызстан Республикасының өнер академиясының жанындағы Өнер колледжінің оқытушысы Чынгыз Ормонбеков, Өзбекстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Көркем Сурет Академиясының мүшесі Нортойлок Диеров, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Жандарбек Сугуров, «Астана қаласы Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің Басқарма Төрағасы, Суретші-кескіндемеші ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем Академиясының Академигі, ҚР «Дизайнерлер Одағының мүшесі» Өмірәлі Исмаилов, ҚР Көркемсурет Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР (КСРО) Суретшілер одағының мүшесі Кайр Оразғалеив және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық, бүкілодақтық, республикалық және облыстық көрмелердің қатысушысы Оразбек Есенбаев пен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, 300-ден астам суреттің авторы, жерлесіміз Берік Бөкешов бар.
Қылқалам шеберлері бүгінен бастап Арал өңірінің тарихи жер-су атауларымен танысып, шығармашылығына арқау болар Әбе өскен өлкенің тарихымен танысады. Әсіресе теңіз аңғарындағы сұлу көріністерге көз жүгіртіп, аудандағы қасиетті жерлерді қалам ұшына арқау етпек.
Мұнан бөлек жас суретшілерге шеберлік сабағын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісу мақсатында арнайы шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып, сурет өнері шоғырланған көрме өткізу жоспарлануда.
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<