«Сыйлық аламын деп сан соғып қалмаңыз»: Полиция «Ғашықтар» күні қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады

12

0

Фото: pexels.com

Ішкі істер министрлігі азаматтарды онлайн сатып алу кезінде сақ болуға шақырады. Олардың сөзінше, Ғашықтар күні қарсаңында интернеттегі жеңілдіктер мен тартымды ұсыныстар көбейгенімен, осы кезеңде алаяқтар да белсенді әрекет етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі Ғашықтар күні қарсаңында қазақстандықтар сүйіктісіне ерекше сыйлық дайындауға асығып, интернет дүкендер мен әлеуметтік желілердегі түрлі акциялар мен жеңілдіктерге жиі жүгінетінін мәлімдеді. Алайда мерекелік қарбаласты интернет алаяқтар да өз пайдасына жаратып отыр.

Ведомство мәліметінше, алаяқтар жалған сайттар ашып, танымал дүкендердің атын жамылып немесе әлеуметтік желілер арқылы арзан баға ұсыну арқылы азаматтарды алдауға тырысады. Кей жағдайда олар алдын ала төлем талап етіп, кейін байланысқа шықпай қалады.

Ішкі істер министрлігі романтикалық тосынсый қаржылық шығынға немесе көңіл-күйдің бұзылуына айналмас үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

“Атап айтқанда, тауарды тек сенімді әрі тексерілген сайттар мен ресми маркетплейстер арқылы сатып алу қажет.

•    Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеу, шектен тыс төмен баға ұсынылса, сақ болған маңызды.
•    Сондай-ақ сатушыдан тауардың нақты бар екенін растауды сұрап, мүмкіндігінше бейнеқоңырау арқылы тауарды және дүкеннің мекенжайын көрсетуді талап еткен жөн. 
•    Алаяқтар мұндай талаптан жиі жалтарып, оның орнына геолокация немесе өңделген фотолар жіберуі мүмкін. Төлем жасау кезінде де сақтық қажет: ақшаны жеке шоттарға немесе күмәнді төлем жүйелеріне аудармау керек. Жеке деректерді қорғап, бөгде адамдарға парольдерді, SMS-кодтарды, CVV-кодты және банк картасының толық мәліметін бермеу басты талаптардың бірі”, – делінген хабарламада.

Министрлік азаматтарды қырағылық танытуға шақырып, күмәнді жағдай туындаса, құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынады.