Әлем кубогының алғашқы кездесуінде бразилиялық боксшыны жеңіп, ширек финалда франциялық боксшы Билял Биналдан басым түсті. Жартылай финалда индиялық боксшы Маниш Ратуримен қолғап түйістіріп, жойқын соққысымен ақтық сынға жолдама алды. Финалдық кездесуде өзбекстандық боксшы, Азия ойындарының чемпионы, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының жеңімпазы Миразизбек Мирзахалиловпен шаршы алаңда кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Шаршы алаң шеберінің бұл жетістігі Сыр спортының шежірелі тарихында алтын әріптермен жазылары анық. Мемлекет мерейін үстем етер спортшыларымыз көп болсын! Жеңіс баршаңызға құтты болсын, ағайын» деп жазды облыс әкімі.
Айта кетсек, бұл – жерлесіміздің ересектер арасында халықаралық деңгейде қол жеткізген алғашқы табысы. Қазірге дейін ол жанкүйерлерді жастар мен жасөспірімдер арасында жеңісімен қуантқан еді.
Әлем кубогында Нұрсұлтаннан басқа ел құрамасынан Дәулет Төлемісов (85 келі), Жазира Орақбаева (51 келі) чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды.
World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Екінші кезең 30 маусым – 7 шілде аралығында Қазақстанда болады. Ал үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Бірақ оның өтетін орны әзірге белгісіз.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





