С.Айтбаев атындағы көркем сурет галереясында КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Құрмет орденінің және «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Аманкелді Кененбаевтың 70 жас мерейтойына орай «Сыр-Дария» атты отбасылық шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, Қазақстан Суретшілер одағының Астана қаласындағы басқарма төрағасы Өмірәлі Исмаилов, ҚР Суретшілер одағының облыстық филиалының төрағасы Темірбек Сағымбаев, Алматы қаласынан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғани Баянов, Қазақстан Суретшілер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Құралбек Қосуақов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абдуахат Мұратбаев және өзге де суретшінің әріптестері мен жақындары, өнерсүйер қауым қатысты.
Көрменің негізгі мақсаты – Сыр өңірінің табиғаты мен тарихын, рухани болмысын көркем өнер тілімен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, көрерменге эстетикалық тәрбие беру.
Аманкелді Кененбаев 1955 жылы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң әскер қатарында болды. Жастайынан өнер жолын таңдаған жігіт Ә.Қастеев атындағы Шымкент өнер училищесін үздік бітірді. Осы жылдардан бастап республикалық, шетелдік, халықаралық көрмелерге, симпозиумдарға қатысты. Бірқатар мүсіндік және монументалды объекті-лердің авторы. Ал 2000 жылы алғашқы рет Алматы қаласында «Длинные цветные сны» тақырыбында жеке көрмесі өтті. 2005 жылы «Астана – Бәйтерек» республикалық конкурсының лауреаты атанды. 2007 жылы Лондонда Ұлыбритания патшайымы «Виктория – Альберт» жеке музейінде «Қазақстанның жаңа өнері» көрмесіне қатысты. Францияда орнатылған халықтар тәуелсіздігі үшін күрескер Мұстафа Шоқай бюст-ескерткішінің (2010 жыл) авторы. 2012 жылы Нью-Йорк қаласында халықаралық «Жер, уақыт, адамдар» конкурстық көрмесінің жоғары марапаты – «Алтын қыран» медалінің иегері. 2015 жылы Жапонияның Токио қаласындағы NIW галереясында өткен халықаралық көрмеге қатысты. 2018 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде «Сұлутөбе» тақырыбында көрмесі өтті.

Аманкелді Кененбайұлы – кескіндеме мен мүсін өнерін домбыраның қос ішегіндей қатар ұстап, өз қолтаңбасын қалдырған ерекше талант иесі. Оның туындылары дала әуеніндей кең тынысты, бояу үндестігімен баурап алатын өнер жауһарлары. Бүгінде суретшінің еңбектері еліміздің басты музейлерінде, ҚР Президентінің Резиденциясында және шетелдік өнерсүйер қауымның жеке коллекцияларында сақтаулы.
Ол – «Сыр бойының батырлары», «Жанқожа батыр» монументтерінің, Қазалыдағы Кеңес Одағының Батыры В.Счастнов мүсінінің, Франциядағы Ножан-сюр-Марн қаласында орнатылған Мұстафа Шоқай ескерткішінің, Әли Мүслімов пен Әбділдә Тәжібаев кеуде мүсіндерінің авторы.
Салтанатты шарада басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов облыс әкімінің құттықтауын табыстады.
Шын мәнінде, «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Бұл – өңірдің өзені сияқты терең де тұнық тарихы, қайталанбас болмысы мен рухани байлығы халқымыздың ұлттық құндылықтарының қайнар көзі. Сыр бойынан шыққан талай саңлақтар қазақ мәдениетінің қазынасын байытты. Солардың бірегейі, бүгінгі көрменің авторы, ұлт өнерінің шынайы жанашыры – Аманкелді Кененбаев.
Салтанат сахнасында сонымен бірге суретшіні әріптестері, өнердегі аға-інілері мерейлі жасымен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті. Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Темірбек Сағымбаев өнер иесіне Салихитдин Айтбаев атындағы төсбелгі табыстады. Аманкелді Кененбайұлы да өз кезегінде сөз алып, барша өнерсүйер қауымға, шараға жиылған қонақтар мен әріптестеріне, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Аманкелді Кененбаев өз туындылары арқылы Сырдария өзенін тек географиялық нысан ретінде емес, рух пен тіршіліктің символы ретінде таныстырады. Оның еңбектерінде ұлттық колорит пен мәдениеттің қайталанбас көріністері бейнеленген. Сондай-ақ көрмеде суретшінің түрлі жылдардағы 70-тен астам туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Одан бөлек көрмеде Аманкелді ағаның жұбайы, қолөнер шебері Салтанат Қожантаева апамыздың да киізден жасалған туындылары ұсынылған. Салтанат Қожабергенқызы – ұлттық қолөнерімізді дәріптеп, дамытуға үлес қосқан, халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі көрмелердің белсенді қатысушысы. Шебер жасөспірімдерге арналған дәстүрлі «Кілем тоқу», «Асыл мұра» (киіз басу), «Ши тоқу» үйірмелерін жүргізіп, шәкірттерін өнерге баулыды. Шәкірттері халықаралық «ART KUNDER HOUSE» байқауында, республикалық «Ата-баба мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты балалар шығармашылығы көрмесінде бірнеше мәрте жүлделі орынға ие болды.
Аталған көрме – жастарды ұлттық өнерге баулуға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға, көрерменмен рухани байланысты нығайтуға бағытталған шығармашылық алаң.
Айта кету керек, көрме 28 тамыз бен 29 қыркүйек аралығында өтеді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





