Бүгін Сыр елінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақ Орданың бақытты балалары» салтанатты шарасы өткізілді. 6000-ға жуық бала қатысқан думанды шара мерекелік атрибуттармен айшықталды.
Орталық стадионда ұйымдастырылған іс-шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары қойылған арнайы көрмені аралап көрді. Сондай-ақ, оқушылар үйінен ашылған арнайы студияда журналистикаға машықтанып жүрген балаларға да сұхбат беріп, тілдесті.
Облыс әкімі барша сырбойылық балаларды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
– Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін балаларымыз үшін естен кетпес керемет мереке. Біз ел болашағы – білікті де білімді ұрпақ қалыптастыруда барлық мүмкіндіктерге жол ашамыз. Биыл әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500 балаға спорт кешендеріне тегін абонемент берілді. Сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1030 бала жаңа типтегі электронды оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Жазғы маусым кезеңінде 1 мен 10 сынып аралығындағы оқушылардың 97 пайызы әр түрлі сауықтыру, жұмыспен қамту, үйірме, экскурсиямен қамтылатын болады. «Балалар жылына» тарту ретінде биыл демеушілер есебінен қаламызда 1 млрд. теңгеге 50-ге тарта, одан бөлек аудандарға 30-дан астам спорт-ойын алаңдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес 400-ден аса ірі көлемді шара өткізіліп, оған 165 мыңнан астам бала қамтылатын болады, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Мерекелік шараның негізгі бөлігі – балаларға сыйлықтарды үлестірумен жалғасты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық, республикалық білім додаларында жеңімпаз атанған 10 балаға ноутбук сыйға тартты. Ал, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 балаға велосипед табыстады. Сондай-ақ, әр ауданда 50 балаға велосипед берілді.
Мұнан бөлек, түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан, оқуда үздік атанған 20 оқушыға Көкшетау қаласындағы лагерге жолдама алды.
Айта кетейік, жыл соңына дейін атаулы дата аясында 408 ірі көлемді шара өткізіліп, 165 мыңнан астам бала қамтылады.
Мерекелік шара танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<