Сыр өңіріндегі Жетіасар қалашығынан кезінде табылған домбыраға ұқсайтын көне жәдігер еуропалық ғалымдарды таңғалдырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
1973 жылы облыс аумағында Хорезм экспедициясы арнайы зерттеу шараларын жүргізген. Сол жұмыстар барысында Жетіасар қалашығында домбыраға ұқсайтын ұқсайтын дүние көзге түскен. Кезінде көне қаладан табылған жәдігер жөнінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетініӊ Қазақстан тарихы кафедрасыныӊ аға оқытушысы, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығыныӊ жетекшісі, PhD докторанты Әзілхан Тәжекеев айтып берген еді.
– Бұл жаңалық неге ұзақ уақыт бойы жарияланбай келді?
– Мен бұл жайында жақында білдім. Архивте қажетті мәліметтерге көз салып отырған едім. Сол сәтте домбыраға ұқсайтын дүние назарымды ерекше аударды. Аспапта қасқырдың суреті ойылып салынған. Қазақ шертер мен домбыраның қосындысын қоссаз деп атайды. Табылған аспаптың ұзындығы 65 сантиметрге жуық. Демек, бұл аспап қоссаз домбыра болуы мүмкін және оның ежелгі түрлері болғанын дәлелдейді.
– Аспап біздің замандағы төртінші ғасырға жатады. Егер осы деректі нақтылай алсақ, Сыр өңірінде домбыраның ежелгі нұсқасы табылды деген сөз. Оны бабадомбыра атауға негіз бар.
– Кезінде Моңғолиядан табылған шекті аспап біздің заманымыздағы VII ғасырға жатқызылған еді. Оған ғалымдар атадомбыра атау берген болатын. Ал мына қосмойынды аспап тарихы одан үш ғасырдай ерте уақытта созылады. Бұл жөнінде айтар пікіріңіз қандай? – Осындай себептерге байланысты археологтар біздің өңірде табылған жәдігерді баба домбыра деуге толық негіз бар дейді. Мен бұл жөнінде ғылыми мақала жазған едім. Оған норвегиялық ғалымдар қызығушылық танытып, өз зерттеулеріне қосты.
– Осы жөнінде кеңірек мәлімет бере кетсеңіз.
– Аталған мақала 2019 жылы «Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар» атты ғылыми жинағында жарияланды. Зерттеу мақаланы оқып шыққан норвегиялық доктор, ежелгі музыкалық аспаптарды зерттеуші-археолог Гьермунн Колльтвейт оған қызығушылық танытты. Қазақ тілінде жазылған мақаланы ағылшын тіліне аударуға рұқсат сұрады. Одан кейін өз зерттеулерінде пайдаланатынын айтты. Тақырыпқа байланысты екеуміз онлайн түрде пікір алыстық. Норвегиялық ғалым Қызылордада табылған жәдігерді Еуропада кең тараған ежелгі лира музыкалық аспабына біздің қоссаз домбыраның қатты ұқсайтынын айтты.
Содан кейін ол «Scientific journal» басылымында «Жібек жолы бойындағы технологиялардың трансфері: бұл ежелгі лира жаһандық болды» атты мақаласын жариялады. Ғалым «Қазақстан аумағынан табылған 1000 жылдан астам тарихы бар ішекті аспап Ұлыбританиядағы Саттон-Ху жерлеу ескерткішінен табылған аспаппен бірдей» деп атап өтті.
Артынша Израильдің «Haarets» газеті «Саттон-Ху көне лирасы 4000 шақырым қашықтықта Қазақстанда бірнеше ғасыр бұрын болған сияқты» атты мақала жариялады. Онда «алдымен кеме бөлшектері, содан кейін арфа деп қателескен Саттон-Ху кемесінің жерлеуіндегі лира аспаптың Азияда дамыған болуы мүмкін» деп жазды. Ал Англия газетінде «Қазақстанда табылған 800 жылдық лира Англиядағы ерте ортағасырлық әйгілі кеме қорымында табылған түрге сәйкес келетіндігі» айтылған.
Англияда орналасқан ерте ортағасырлық (б.з. 6-7 ғғ.) Саттон-Ху обалы қорымынан табылған лирадан біздің қоссаз домбыра (б.з. 3-4 ғғ.) бірнеше жүз жылға көне болып табылады. Әрине, алдағы зерттеу жұмыстары бұл тарихтың сырын ашады. Жәдігерлер біздің ел мен Еуропа арасында байланыс болғанын дәлелдейтін деректердің бірі деуге негіз бар. Еске салсақ, бүгін қазақстандықтар Домбыра күнін атап өтуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<