СЫР ӨҢІРІНДЕ МАҢЫЗДЫ САЯСИ НАУҚАН БАСТАЛДЫ

3

0

Қызылорда облысында бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқан аясында дауыс беру процесі өз деңгейінде басталды. Өңір бойынша барлығы 351 дауыс беру учаскесінде қоғамдық бақылау жұмыстары ұйымдастырылып, «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының
1502 мүшесі сайлау учаскелерінде өз міндеттерін атқаруда.

Таңғы сағат 7:00-де барлық учаскелер өз жұмысын бастап, дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес ашық әрі әділ өтіп жатыр.

Қоғамдық бақылаушылар дауыс беру барысының айқын әрі заң талаптарына сай өтуін қадағалап, азаматтардың өз таңдауларын еркін білдіруіне жағдай жасалуда.

Бүгін таңсәріден бастап өздерінің азаматтық белсенділігін танытып, алғашқы болып дауыс беруге келген тұрғындарға бірқатар учаскелерде арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл – тұрғындарды ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуға шақыратын игі бастамалардың бірі.

Жалпы, Сыр өңірінің тұрғындары бұл маңызды күнде бірлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Әрбір дауыс – ел болашағына деген сенім мен азаматтық ұстанымның көрінісі.

Қоғамдық бақылаушылардың қатысуы дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Бұл өз кезегінде азаматтардың демократиялық құндылықтарға деген сенімін арттырып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға сеп болады.

Бүгінгі таңдау – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан әрбір азаматтың белсенділігі ел дамуының маңызды қадамы екені сөзсіз.