Сыр өңірінде «Наурызнама» онкүндігінің алғашқы шаралары 14 наурыз – Көрісу (Амал) мерекесін атап өтуден басталды.
Бүгін Қызылорда қаласындағы Aray City Mall ойын-сауық орталығында Қызылорда облыстық филармониясы ұжымының «Көктеммен келген көрісу» атты мерекелік концерті ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарлама барысында филармония өнерпаздары халық әндері мен ұлттық нақыштағы шығармаларды орындап, жиналған көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара аясында қала тұрғындары мен қонақтарына «Бауырсақ пати» ұйымдастырылып, ұлттық дастарқаннан дәм ұсынылды. Көпшілік бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін айтып, амал мерекесінің мазмұнын айшықтай түсті.
Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген бұл мерекелік басқосу тұрғындардың рухани бірлігін нығайтып, Наурыз мейрамының мән-мағынасын кеңінен насихаттауға бағытталды.






