Сыр өңірінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

233

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында осы жылдың 9 айында құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші 173 млрд 830 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,6 пайызға өсім қалыптасты Жалпы, соңғы 2 жылда Қызылорда облысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде», – деді аймақ басшысы.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында қаржыландырудың барлық көзінен 864 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39,1 млрд теңге қаралып, жыл қорытындысымен 2,5 мыңнан аса пәтер пайдалануға беріледі.

Ұлттық жоба аясында 1 мың 154 пәтерлік 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1 мың 819 пәтер, апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінде аталған топтарға 780 пәтер сатып алынды. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.

Тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті, 2022 жылы 683 мың шаршы метрден 2023 жылы 741 мың шаршы метрге жетсе, жыл соңына дейін 864 мың шаршы метрге ұлғайту жоспарланған.

Құрылыс саласында биыл 189 жобаны жүзеге асыруға 134,8 млрд. тг. бөлінді. Оның ішінде, 36 білім беру, 22 денсаулық сақтау, 13 мәдениет, 14 спорт, 1 қоғамдық тәртіп, 1 жұмылдыру дайындығы, 3 мемлекеттік орган ғимараты, 1 154 пәтерлік 21 тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 85 жоба бар.

Жыл басынан бері Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Қан орталығы», «Үстел теннисі орталығы», «Оқушылар сарайы» және сол жағалаудағы 900 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Жаңа стадион, «Инновациялық- шығармашылық орталық», музыкалық колледж ғимараты құрылысы басталды. Барлық ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталықтары», 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында, Арал ауданының Сексеуіл кентінде аурухана, Жаңақорған кентінде «Оқушылар үйі» және 3 жайлы мектеп пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, биыл демеушілер есебінен 17 нысанның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<