Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы Сыр өңірі үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Осыған байланысты қоғам қайраткері Мархабат Жайымбетов өңірдің дамуы мен құрылтайдың маңызы жөнінде пікір білдірді.
Президент өз сөзінде Сыр өңірін «жыр елі» деп атап, аймақтың терең тарихы мен рухани тамырына арнайы тоқталды. Қорқыт атадан бастау алған жыраулық, жыршылық және күйшілік дәстүрдің қазақ мәдениетіндегі айрықша орны атап өтілді.
Сыр бойы – еңбекқор халықтың мекені. Кеңес дәуірінде бұл өңірден 100-ге жуық Еңбек Ері шыққаны, атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың ерен еңбегі – соның айқын дәлелі. Бұл ізгілікті жолды бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қызылорда облысында, әсіресе әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң өзгерістердің бар екенін атап өтті. Соңғы жылдары өңірдің ішкі жалпы өнімі тұрақты өсіп, былтыр 6,5 пайызға артты. Үш жыл ішінде облысқа шамамен 2 триллион теңге инвестиция тартылып, 27 ірі инвестициялық жоба іске асырылды.
Стратегиялық маңызы бар жаңа жылу электр орталығының пайдалануға берілуі өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтті. Сонымен қатар облыс тұрғындары толықтай сапалы ауыз сумен қамтылып, халықтың 80 пайызы көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл – облыс басшылығының халықтың өмір сапасын арттыруды басты басымдық ретінде айқындағанының нақты көрінісі.
Көлік-логистика саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Автокөлік жолдарының сапасы жақсарып, әуе және темір жол инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ашылып, Қызылорда қаласындағы тарихи темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл өңірдің транзиттік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі.
Соңғы үш жылда облыста 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт, 40 медицина нысаны салынды. Президенттің тапсырмасымен Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталып, алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салу жоспарлануда. Аталған жобалар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауымен, белгіленген мерзім мен сапа талаптарына сай жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын оң бағалап, бұл нәтижені облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды және халық мүддесін бірінші орынға қоятын басқару стилінің жемісі екенін атап өтті.






