Спорт – тек жарыс пен жеңіс емес. Ол – ұлт денсаулығы, жас ұрпақтың жігері, елдің еңсесі мен мерейі. Сондықтан да мемлекет тарапынан бұл салаға айрықша мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі» деген сөзі осы бағыттағы жүйелі жұмыстың темірқазығына айналды.
Осы ұстаным аясында Қызылорда облысында кейінгі төрт жыл ішінде спорт саласы қарқынды дамып, Сыр спорты жаңа белеске көтерілді. Ел ішінде «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дейді. Сол жарыс жолында Сыр елінің де самғауы, ең алдымен, берік инфрақұрылым мен тұрақты қолдаудан бастау алды.
Төрт жылда облыста аймақ басшысының тікелей бастамасымен заманауи үлгідегі 24 спорт нысаны салынып, ел игілігіне берілді. Сыр елінде спорт инфрақұрылымын жаңғырту тек санмен емес, сапамен де өлшеніп отыр. Соның жарқын мысалының бірі – 2024 жылы Қызылорданың сол жағалауында «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп ашылған халықаралық талаптарға сай «Теннис орталығы». Құны 3,4 млрд теңгені құрайтын бұл заманауи кешенде бір мезетте 32 спортшы ойнайтын 16 теннис столы, 350 көрерменге арналған орын, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Бүгінде мұнда жеті оқытушы-жаттықтырушы 300-ден астам спортшыны кәсіби бағытта шыңдап келеді. Бұл – өңірде теннис спортының тамыры тереңдеп, тынысы кеңейіп келе жатқанын аңғартатын нақты қадам.
Спорттағы тағы бір сүбелі бастама – бұрын жеке теңгерімде болған «Тарлан» спорт кешенінің мемлекет меншігіне өтіп, Қызылорда ерлер және әйелдер бокс клубы болып ресми түрде ашылуы. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен бұл нысан демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай толық жаңғыртылды. Қазіргі таңда мұнда ерлер мен әйелдерге арналған екі бокс залы, 40 орындық қонақүй, заманауи жаттығу залы мен спортшыларға арналған асхана жұмыс істейді.
Ал ең ауқымды жобалардың бірі – Қызылорданың сол жағалауында бой көтерген 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы. Құны 26,5 млрд теңгені құрайтын бұл нысан – Сыр спортындағы жаңа дәуірдің айқын белгісі. Жаңа стадионның жасыл алаңы халықаралық стандарттарға толық сай жабдықталған. Ең бастысы, мұнда тек футболға ғана емес, олимпиадалық спорт түрлеріне де ерекше мән берілген. Атап айтқанда, бокс, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо, күрестің үш түрі және фитнеске арналған арнайы залдар қарастырылған. «Kaysar Arena»-ның айрықша ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша IV санатты категорияға ие болуы. Бұл дегеніміз – халықаралық деңгейдегі ресми матчтар мен жоғары дәрежелі спорттық додаларды өткізуге толық мүмкіндік бар деген сөз.
Ал биылғы жылдың басында Қызылорда қаласының сол жағалауында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған Инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді. «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен салынған бұл нысанның құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайды. Мұнда волейбол, күрес және жалпы дене дайындығына арналған арнайы залдар жасақталған. Бір мезетте 150 адам спортпен шұғылдана алатын бұл орталық – спорттың баршаға ортақ екенін, дене мүмкіндігіне қарамастан әр азаматтың белсенді өмір сүруге құқылы екенін дәлелдейтін тағылымды жоба.
Сыр өңіріндегі спорт инфрақұрылымын дамыту мұнымен шектелген жоқ. Бүгінде облыс орталығында құрылысы қарқын алған ең ірі жобалардың бірі – құны 20 млрд 500 млн теңгені құрайтын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені. Аумағы 25 мың шаршы метрді қамтитын бұл алып кешенде олимпиадалық стандартқа сай 50 метрлік жүзу бассейні, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары қарастырылған. Сонымен қатар, Әлем және Азия ойындары секілді халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 2500 орындық әмбебап зал, ауқымды жиындар, форум және кездесулер өткізуге арналған соңғы үлгідегі 300 адамдық зал қарастырылады.
Спорттың шын мәніндегі дамуы тек кәсіби аренадағы жетістікпен өлшенбейді. Оның шынайы өлшемі – халықтың дене белсенділігіне, салауатты өмір салтына бет бұруы. Бұл тұрғыдан алғанда да Сыр өңіріндегі көрсеткіш көңіл қуантады.
Сыр спортын дамыту аясындағы жүйелі жұмыстар мен жан-жақты қолдаудың нәтижесінде өңір спортшылары кейінгі жылдары толайым табысқа қол жеткізді. Атап айтқанда, Әлем және Азия чемпионаттарында жеті медаль жеңіп алып, оның бесеуін алтынға, біреуін күміске, біреуін қолаға айналдырды. Ал ҚР чемпионаттары мен кубоктарында сырбойылық саңлақтар 149 медаль еншіледі. Оның ішінде 54 алтын, 43 күміс және 52 қола жүлде бар. Сондай-ақ былтырғы жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы үздік спорт өңірі атанды.
Сыр өңірі қашанда «нар тәуекел» деп, намысты қолдан бермеген жұрт. Бүгінгі спорт саласындағы серпіліс – сол қайсар рухтың заманауи көрінісі. Ертең осы залдар мен стадиондардан ел абыройын асқақтататын талай чемпионның шығары анық.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»






