Құрылтай

Сыр спорты: серпін, сенім, жеңіс

8

0

Коллаж: Қуаныш Оразбаев

Спорт – жарыс алаңындағы бәсеке мен жеңіс тұғырындағы медаль ғана емес. Ол – ұлт саулығының тірегі, жас ұрпақтың жігерін жанып, мінезін шыңдайтын үлкен мектеп. Мемлекет басшысының «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі» деген сөзі де осы бағыттағы жұмыстың мәнін айқындай түседі. Бүгінде Сыр өңірінде бұқаралық спорттан бастап жоғары жетістіктер спортына дейінгі тұтас жүйені дамытуға басымдық беріліп, соның нәтижесі жаңа нысандардан да, ел намысын қорғаған спортшылардың жеңісінен де анық көрініп отыр.

Туған жердің намысын арқалап жарыс жолына шыққан спортшы үшін әр медальдың салмағы бөлек. Оның артында жылдар бойғы еңбек, таңғы жаттығу, жарақат пен жеңілісті еңсерген қайсарлық жатыр. Ал сондай спортшыны тәрбиелеу үшін талапты бапкермен бірге сапалы база, тұрақты қолдау мен үлкен спортқа бастайтын жүйе қажет. Кейінгі жылдары облыста дәл осы бағытта атқарылған жұмыстар Сыр спортының тынысын кеңейтіп, жаңа белеске бастады.

Нақты кезеңде облыста 1,5 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 900-ден астамы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл ‒ спорттың қаладағы ірі кешендермен ғана шектелмей, ауыл баласына да жақындай түскенінің айғағы. Кейінгі кезеңде өңірде жиырмадан астам жаңа спорт нысаны салынып, ел игілігіне берілді. Осы жылдың өзінде «Ауыл ‒ ел бесігі» бағдарламасы аясында Шижаға, Бекарыстан би, Келінтөбе және Қожабақы ауылдарында жаңа спорт кешендері ашылып, қолданысқа берілді. Алдағы уақытта Әйтеке би кентінде де жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Әрине, жаңа ғимаратты тек құрылыс есебіндегі көрсеткіш ретінде бағалау аздық етеді. Оның шынайы құны ‒ сол залға күн сайын келетін баланың ар­манында. Ауылдағы жасөспірім енді жаттығу үшін алысқа қаты­намайды, өзінің туған же­рінде шынығып, шеберлігін жетіл­діруге мүмкіндік алады. Бүгін сол залда алғашқы әдісін үй­ренген бала ертең ел чемпио­натына, одан әрі халықаралық додаға шығуы әбден мүмкін.

Сыр елінің спорттық кел­бетін айқындаған ірі жоба­лар­дың бірі ‒ Қызылордада ашыл­ған заманауи Үстел Теннисі ор­талығы. Халықаралық тала­п­тарға сай салынған кешенде жас спортшылардың тұрақты жат­тығуына барлық жағдай жа­салған. Ал облыс орталы­ғын­дағы 11 мың көрерменге ар­­­налған жаңа «Kaysar Arena» ста­дионы өңір спортының мүм­кіндігін мүлде жаңа деңгейге көтерді. УЕФА классифи­ка­циясы бойынша IV санатқа ие стадионда ел чемпионатының кездесулерімен қатар, Чем­пион­дар лигасы мен өзге де еуро­кубоктардың іріктеу кезе­ңіндегі ресми матчтарын өткі­зуге мүмкіндік бар. Мұнда фут­бол алаңынан бөлек, бокс, ауыр атлетика, таеквондо, күрес және өзге де спорт түрлеріне арнал­ған жаттығу залдары қа­расты­рылған.

Бұған қоса, ерекше қажет­тілігі бар азаматтарға арналған Инклюзивті спорт орталығының ашылуы ‒ спорттың баршаға ортақ құндылық екенін көр­сет­кен маңызды қадам. Ал қазір облыс орталығында көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт ке­шенінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Аумағы 25 мың шаршы метр болатын нысанда олимпиа­далық стандарттағы 50 метрлік бассейн, бірнеше спорт түріне арналған залдар мен 2500 кө­рерменге лайықталған әмбебап алаң болады. Мұндай кешен­дердің іске қосылуы Сыр елінің республикалық қана емес, ха­лықаралық деңгейдегі жарыс­тарды қабылдау мүмкіндігін де арттыра түседі.

Спорттың дамуы салынған ғимараттар санымен өлшенеді десек қателесеміз. Оның басты көрсеткіші ‒ сол нысандардың халыққа қызмет етуі. Қазір об­лыста 377 мыңнан астам тұрғын денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысады. Бұл ‒ өңір халқының 44,6 пайызы. Жыл ба­сынан бері 260-қа жуық бұ­қаралық спорттық шара ұйым­дастырылып, оған 40 мың­ға жуық адам қатысқан. Демек, спорт біртіндеп кәсіби спорт­шы­лардың ғана емес, тұтас қо­ғамның күнделікті өмір салтына айналып келеді.

Сыр спортының қуатты қо­ры балалар мен жасөспірімдер спортында қалыптасып жатыр. Бүгінде 21 спорт мектебінде спорттың 38 түрі бойынша 22 мыңнан астам жас жаттығып, оларға 670 жаттықтырушы-оқы­­тушы тәлім береді. Әр чем­пионның артында оны жеңіске дайындаған бапкер тұратыны белгілі. Жас спортшыға әдіс үй­ретумен бірге, жеңіліске мойы­мауды, тәртіп пен төзімділікті, қарсыласқа құрметпен қарауды сіңіретін де ‒ осы мамандар.

Бұл еңбектің өтеуі жарыс нәтижесінен көрінеді. Былтыр Сыр спортшылары Қазақстан чемпионаттары мен кубокта­рында 158 алтын, 154 күміс жә­не 227 қола медаль жеңіп алды. Яғни бір жылдың өзінде респуб­ликалық додалардан 539 жүлде облыс қоржынына түсті. Ал Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарында 55 алтын, 38 күміс, 53 қола, барлығы 146 медаль иеленді. Бұл ‒ бір өңір спорты үшін салмақты нәтиже әрі қалыптасқан мектептің әле­уе­тін көрсететін көрсеткіш.

Биыл да сол екпін бәсеңдеген жоқ. Жеті айдың өзінде облыс спортшылары Әлем және Азия чемпионаттарынан 10 жүлде еншіледі. Оның алтауы ‒ алтын, екеуі ‒ күміс, екеуі ‒ қола. Қа­зақстан чемпионаттары мен ку­боктарынан тағы 155 медаль иелендік. Оның 55-і алтын, 44-і күміс және 56-ы қола. Жылдың аяқталуына әлі біршама уақыт барын ескерсек, бұл көрсеткіш Сыр спортшыларының жаңа мау­сым­да да биік межеден кө­рінуге бекем екенін аңғартады. Әсіресе халықаралық жарыстар­дағы он медальдың алтауы ал­тын болуы ‒ саннан бұрын са­паның, үлкен додада жеңіске ұмтылған мі­нездің белгісі.

Әрбір алтынның артында бір спортшының ғана тағдыры тұрған жоқ. Оның артында бап­кердің маңдай тері, ата-ананың қолдауы, спорт мектебінің ең­бегі, тұтас өңірдің сенімі бар. Халықаралық аренада көк Ту көтеріліп, Әнұран шырқалған сәт ауылдағы жаттығу залында жүрген жүздеген балаға жігер береді. Өйткені чемпионның жеңісі ‒ келесі буынға үнсіз берілген шақыру.

Сыр елі қашанда намысты қолдан бермеген, жүйрігін бәй­геге, балуанын бозкілемге қос­қан жұрт. Бүгін сол дәстүр за­манауи спорт кешендерімен, кәсіби дайындықпен және жаңа мүмкіндіктермен сабақтасып келеді. Спорт күні қарсаңында айтылар ең маңызды ой да осы: жеңіс бір күнде келмейді, ал үлкен нәтиже жүйелі еңбектен туады.

Бүгін жаңа залдың табалды­рығын алғаш аттаған баланың кім болып шығарын ешкім біл­мейді. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін ол ел намысын халық­ара­лық аренада қорғар. Бірақ одан да маңыздысы ‒ спорт оның бойына тәртіп, табандылық пен өзіне деген сенім ұялатады. Ал дені сау, жігерлі, мақсаты айқын ұрпақ ‒ Сыр спортының ғана емес, ел болашағының ең үлкен жеңісі.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»