Фото: автордан
Облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолының Тереңөзек кентіне кіреберіс тұсында төрт жол түйіскен. Облыс орталығына барарда, көршілес ауданнан келерде, ауылдарға қатынарда халық осы жолмен міндетті түрде жүреді.
Осы үлкен жолдың оң жақ қапталында «Сыр сұлуы» монументі орналасқан. Монументтің авторы – мүсінші Жәркен Исмағұлов. Алыстан көз тартатын монументте ақын Мұхтар Сақтаповтың бір шумақ өлеңі жазулы тұр.
Биыл аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлының ұсынына сәйкес осы «Сыр сұлуы» монументі демеушілердің қолдауымен толық жаңартылып, жаңа кейіпке енді. Бұл өте-өте дұрыс шешім, орынды іс болды. Әйтпегенде монументтің маңы ескіріп, сиқы қаша бастаған болатын. Сөйтіп аудан басшысы ұйытқы болған бұл іске «Ақтоған» серіктестігі мен «Промстройсервис Е» серіктестігі демеушілік қолдау көрсетті. Бірі монументтің айналасын тегістеп, құм үйіп, нығыздап берсе, екіншісі жаңа кейіпке енуіне ерекше қолдау білдірді.
Қазір монументтің жарықшамдары жарқырап, егілген талдар көктеп, қыс әлі сезілмеген соң көгеріп тұр. Сондай-ақ бұл жерге заманауи үлгіде брусчаткалар да төселді. Ең маңыздысы, бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданның көрікті жерлерінің саны артты, кент келбетіне көрік қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алыптарға алтын бесік болған ауданымызда алдағы уақытта да жүргізіле берері анық.
– Біз «Промстройсервис Е» серіктестігінің басшысы, белгілі кәсіпкер-меценат Манарбек Еспенбетов пен «Ақтоған» серіктестігінің басшысы, кәсіпкер-меценат Айман Үдербаеваға «Сыр сұлуы» монументін абаттандыруға, айналасын көркейтіп, жаңа кейіпке енуіне 20 млн теңгеге жуық қомақты қаражат бөліп, демеушілік көмек көрсеткеніне ризашылығымызды білдіреміз. Жанашыр азаматтардың жақсылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров.
Жаңа кейіпке енген «Сыр сұлуы» монументінің жөнделгеніне аудан тұрғындары мен қонақтары оң бағасын беруде. Мәселен, кент тұрғыны, газетіміздің тұрақты оқырманы Сәуле Таюпова өз ықыласын әлеуметтік желі арқылы білдіріпті.
– Кентіміздің көркейіп, көз сүйсінерлік келбетке ие болғаны – бәріміз үшін қуаныш. Оның үстіне биыл ауданның айтулы мерейтойы аталып өтілуде. Дария бойындағы дүйім жұрт Сыр өзенін ардақ тұтады. Расында, көне өзен ежелгі кезеңнен бері жағасында тіршілік еткен қауымға несібе сыйлап келеді. Дариядан келген сумен қалың ел ризық-несібесін теріп жүр. Диқандар күріштен мол өнім жинап, табыстан тау тұрғызды. Сондықтан жергілікті жұрт Сырдарияны қасиетті санап, әрдайым ұлықтауға көңіл бөледі. Осы мақсатта он жыл бұрын салынған және биыл жаңа кейіпке енген «Сыр сұлуы» монументі – Сыр өзеніне, Сыр сұлуына құрметтің бір белгісі, – дейді Сәуле Таюпова.
Айта кетейік, «Сыр сұлуының» бейнесі қоладан құйылған. Таңғажайып тұғырнамада сақ арбасына Сыр толқындарын жегіп, болашаққа бет алған «Сыр сұлуының» бейнесі көрініс тапқан. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Сырдария және Жалағаш аудандарының Құрметті азаматы Жәркен Исмағұловтың айтуынша, қоладан құйылған бейне гранит тұғырға орнатылыпты.
Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<