Аймақта жыл көлемінде жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, келесі жылғы міндеттерді айқындау мақсатында «Армандардан іске: жастардың бастамашылдығы» атты облыстық жастар форумы өтті.
Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов жыл бойында атқарылған жұмыстарға тоқталып, форум қатысушыларына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың ыстық лебізін жеткізді.
Сонымен бірге, форумда сөз алған спикерлер Алмат Қуанышбаев – IT саласы бойынша, Рахметулла Жаппарбергенов – ғылым саласы бойынша, Әуелбек Қорғанбеков – кәсіп ашу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастарды қолдау бойынша, Ғани Әбдиев – креативті индустрия және әлеуметтік желілер бойынша, Төлебай Әкімжан – әскери-патриоттық бағыт бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, форумға қатысушы жастардың сұрақтарына жауап берді.
Форум соңы жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған жастарды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттаумен қорытындыланды.
Айта кету керек, өңірде Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауы және облыс әкімінің бастамасымен серпінді жобалар жүзеге асырылуда.
Былғы жылы өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» қабылданып, 100 жас отбасына пәтер кілттері табысталды. Бағдарлама келесі жылы да жалғасады. Ол үшін қажетті қаржы облыстық бюджеттен қаралды.
Жыл сайын аймақта сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасынан шыққан балаларға арналған облыс әкімінің 100 гранты тағайындалып келеді. Бүгінге дейін 1 494 жас грант иегері атанды.
Жастар кәсіпкерлігі бағытында қаржылық қолдау бағдарламасы арқылы несие портфелі 5 млрд теңге болатын жас кәсіпкерлердің 227 жобасы субсидияланды.
Сондай-ақ, 2,7 млрд теңгеге жас кәсіпкерлердің 158 жобасы бойынша кепілдік шарты жасалды.
«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 1,6 млрд теңгеге жас кәсіпкерлердің 93 жобасы қаржыландырылды. 15 мыңға жуық жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, 608 жас жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттар алып, кәсіптерін ашты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<