«Сыр жиһазы» сапа биігінде

583

0

Қызылордалықтардың ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылардың сұранысын орындап жүрген жиһаз шығарушы цехтардың қатарында өзгелерден озық тұрған «Сыр жиһазы» ЖШС-нің аты көпке мәлім.

Есіктен енгеннен қызу жұмысты бірден көзің шалады. Кескен ағаш үгінділері жиналып қалған. Бояу иісі шығып тұр. Дырылдаған техникалар үздіксіз жұмыс жасап тұр. Ұсталар да тынбай еңбек етуде. Бірі кесіп, бірі өлшеп, бірі сырлап жатыр. Ал, ана бір жерде жаңа тапсырыс қабылданып жатса, мұнда бір топ жігіт жеткізу жағын ұйымдастырып жатыр. Заманауи үлгіде дайындалған олардың ешқайсысы шетел өнімдерінен кем емес.

Бүгінде тек қаланы емес, облысқа қарасты аудан, ауыл-аймақ пен өзге де облыстардың сұранысын өтеп келе жатқан цехтың құрылғанына – биыл 13 жыл. Ағаш бұйымдарын шығарудан бастаған мекеме 2009 жылдан бері «Сыр жиһазы» ЖШС ретінде сырбойылықтарға етене танылды. Оның көпшілікке аса танымал болуы да мұндағы әрбір ұстаның өз ісіне деген ұқыптылығы мен ағаштан түйін түйген ұжымның үлкен еңбегінің нәтижесі. Бүгінде 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекемеде үлкен 3 цех жұмыс істеуде. Ағаш, бояу, пластикалық және жиһаз цехы деп аталатын өте ауқымды нысанда сонау ашылғалы бері келе жатқан осы өнердің майын ішкен кәсіби ұсталар да бар.

Цехта үй мен кеңсе, мектеп және медицина мекемелері, сұлулық салондарына қажетті әдемі әрі сәнді жиһаздардың сан алуан түрі әзірленеді. Сонымен қатар, түрлі пластик бұйымдар да жасалады. Сәнді бұйымдар жасау, жиһаз өндірісі үнемі дамып тұруды қажет ететін сала болғандықтан 2021 жылы «Даму» бағдарламасы аясында ауқымды цех тынысы кеңейтілген. Кәсіпкер ол қаражатқа өндіріске қажетті жабдықтар сатып алып, жұмыс өнімділігін бірнеше есе арттырып отыр.

– Жаңа технологияларды өндірісте пайдалана білу – уақыт талабы. Мәселен, біз алған станок сапалы есік шығаруға септігін тигізуде. Қазір мемлекет кәсіп ашамын дегендерге жақсы қолдау білдіреді. Жеңілдетілген несие де, түрлі гранттар да жеткілікті. Тек соны тиімді пайдалана білу керек. Тұрмыстық қолданыстағы жиһаз цехында әрбір материал сұраныс иесінің талабына сай дайындалады. Кепкен ағаштан даярланатын өнімдердің мол қоры даярланады. Ал, пластикалық өнімдері мектеп пен балабақша үшін арнайы жасалады, – дейді «Сыр жиһазы» ЖШС-нің директоры Жансулу Сыздықова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<