Сырбойылық зияткерлер олжалы болды

1062

0

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тоғызқұмалақтан V желілік спартакиада өз мәресіне жетті. Сайыс қорытындысы бойынша Қызылордадағы NIS-тің оқушылары жекелей есепте екі екінші орын иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші және үшінші орындарды жеңіп алды.

Орта топта 9-сыныптың білім алушысы Жансая Досық пен 7-сыныптың оқушысы Ақберен Бақытберген мектеп намысын қорғаса, жоғары топта 12-сынып оқушысы Досымжан Райымбек пен 11-сыныптан Жұлдызай Мұнайтбасова сайысқа түсті.

– Үш күнге созылған ойындар өте тартысты болды. Барлығы жеті қарсыласпен сайысып, Ақтаулық ойыншыға 1 ұпай есе жібердім. Нәтижесінде жекелей есепте екінші орынға тұрақтадым, – деп бөлісті Жұлдызай.

Тоғызқұмалақтан V спартакиада PlayOk платформасында қашықтан өтті. Ойыншылар рапид әдісі бойынша 3 жас ерекшелікте кезең-кезеңімен сайысқа түсті. Ақберен Бақытберген бұл желілік спартакиадаға алғаш рет қатысты. Биыл «Өркен» грантын жеңіп алған жас зияткер мектеп қоржынын күміс медальмен толықтырды:

– Тоғызқұмалақпен алты жылдан астам уақыт айналысып келемін.  Бұл ойын логикалық ойлауды, төзімділікті дамытады. Әр сайыс мен үшін жаңа тәжірибе жинайтын алаң.

Айта кету керек, екі жыл қатарынан сырбойылық құрама команда спартакиада кубогын жеңіп келеді. Биыл да шәкірттер 100 оқушының ішінен оза шауып, олжалы болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<