Сырдария арнасын тазартуға бөлінген бюджет қаржысы 3 жыл бойы игерілмеген

404

0

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов су тасқынына қарсы шараларды кешіктірген өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан облысының әкімдігімен биылғы барлық көзделген су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға 1,9 млрд теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, Үкімет қолдауымен Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы мақсатты трансферттер есебінен Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдіктеріне 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді ТЖ министрі Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, С.Шәріпханов су тасқынына қарсы 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын орындамаудың негізгі себептерін атады.

«Бірінші, Іс-шараларды сапасыз жоспарлау, бюджеттік өтінімдерді уақытылы бермеу немесе құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге қаражаттың болмауы. Мысалы, Шымкент қаласында Бозарық каналын күрделі жөндеу жоспарланған, алайда әлі күнге дейін техникалық тексеруден басқа ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Қызылорда облысы бойынша керісінше, үшінші жыл қатарынан Сырдария өзенінің арнасын тазартуға бөлінген бюджет қаражаты игерілмей отыр. Биыл да игерілмеу қаупі бар», – деп түсіндірді министр.

Министрдің айтуынша, жобалау-сметалық құжаттаманы уақытылы дайындамау да ықпал еткен.

«Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы шегінде Жайық және Дерқұл өзендерінің жағалауын нығайту, Малая Быковка өзеніндегі бөгеттерді нығайту және Тасқала ауылындағы Дерқұл өзенінің арнасын түзету шараларын уақытылы жүргізбеу қаупі сақталуда. Осы өңірдегі су тасқыны жағдайы Президент Әкімшілігінің ерекше бақылауында екенін атап өткен жөн және облыс әкімдігі бұған дейін Үкіметке Жол картасының барлық іс-шараларының уақтылы аяқталатынын хабарлаған болатын», – дейді С.Шәріпханов.

Сонымен бірге, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ақмола облысында Есіл контррегуляторының құрылысын кешіктіруде, осы уақытқа дейін мемлекеттік сараптама рәсімінен өтпеген жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бір жылға жуық жүргізілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<