Сырдария ауданы тұрғындарымен кездесті

511

0

Мемлекет басшысының Жарлығы аясында бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданының халқымен кездесті.

Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындар үшін өзекті саналатын инфрақұрылым тарту, мал шаруашылығындағы мәселелерге тоқталды.

– Аймақтағы су тапшылығына қарамастан, күріш көлемін қысқартпаймыз. Үкіметпен, Министрлікпен жұмыс жасап, күрішті 78 мың гектар көлемінде егуге қол жеткіздік, бүгінгі таңда күріш суға толық бастырылды.

Су тапшылығын жою үшін Үкіметтен 3,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сырдария ауданына тиесілі қаражатқа 6 дана дизельді насос алынды.

Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен Нағи Ілиясов және Айдарлы ауылдық округіне 3 дана насос қондырғысы сатып алынды. Сондай-ақ, Жетікөл ауылдық округіндегі 2 каналға тазалау жұмыстары жүргізілді.

Сырдария ауданы тұрғындарымен кездесті

Ал менің тапсырмама сәйкес, әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс және бақша өнімдерін өзімізде өндіру үшін егін егуге ынталы азаматтарға бос жатқан жерлер беріліп, нәтижесінде 150 гектар жерге қосымша егін егілді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Ауданда кәсіпкерліктің өрісін кеңейту мақсатында жыл басынан бері 19 жобаға 243,3 миллион теңге несие берілді.

Бүгінде Сырдария ауданын табиғи газбен қамту үлесі 20 пайызды құрады. Биыл Тереңөзек кенті толығымен газбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан Қалжан Ахун ауылын газдандыру жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Келер жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекенді газдандыру жұмысы басталады.

Есепті кездесуде өңір басшысы аудандағы жол инфрақұрылымын дамыту бойынша кеңінен тоқталды. Жыл аяғына дейін жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Аймақ басшысы биылға жоспарланған жұмыстарды жүйелі іске асыру мақсатында арнайы Іс-қимыл жоспарының бекітілгенін, ондағы әрбір жобаның құрылысы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілетін кезектілік тізімі негізінде ғана орындалуы тиіс екенін жеткізді.

Басқосу соңында облыс әкімі аудан тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарға жеке қабылдау өткізді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<