Сырдария ауданында Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

4

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай іс-шара өтті. Аталған іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлері қатысты.

Аудан басшысы алдымен жиынға қатысушыларға жаңа Ата Заң жобасы туралы тоқталып өтті.

– Өздеріңізге белгілі, бүгінде еліміз ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз жаңа кезеңге қадам басуда.

Конституциялық реформа – еліміздің саяси жаңғыруына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Жаңа Ата Заң жобасында «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындалған. Еліміздің шекарасы, аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланып, негізгі идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған. Кеше ғана ел Президенті 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Президентіміздің бастамасымен елімізде соңғы жылдары қолға алынған саяси науқандар мен реформаларды жүзеге асыруда қасиетті Сыр өңірі, оның ішінде Сырдария ауданы бекем бірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл жолы да аудан жұртшылығы Жаңа Конституцияның жобасын қолдайды деп сенеміз және бірлесе жұмыс атқаруға шақырамыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан әкімі Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін атап өтіп, олардың батырлықтары кейінгі ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.

Сырдария ауданында Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

– Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл. Он жылға созылған Ауған соғысында 22 мың қазақстандық өз антына адалдық танытты. Қызылорда облысынан 827 адам қатысса, Сырдария ауданынан 32 жауынгер әскери міндеттерін өтеп келді. Бүгінде ортамызда 15 Ауған соғысының ардагері бар. Сіздер Отан алдындағы борышты абыроймен атқардыңыздар. Сол ауыр кезеңде батылдық пен табандылықтың, жауынгерлік рух пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Сіздердің ерліктеріңіз – ел жадында сақталатын тарихи шындық, өшпес өнеге, – деді аудан басшысы.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов сөз сөйлеп, ерліктері үлгі екенін атап көрсетті.

Іс-шара соңында бірқатар Ауған соғысы ардагерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі