Биыл Сырдария ауданында егілген егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артты. Атап айтқанда, 35 732 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 23 500 гектарға күріш, 12 232 гектарға басқа дақылдар егілді.
Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы мәселе тудырғаны белгілі. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен былтыр шаруашылықтарға 22 насос алынды. Биыл қосымша 4 насос алынып, барлығы 32 насоспен егінге су жеткізілуде.
Өткен жылдан бері аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын егу жұмыстары басталды. Былтыр 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша еккен еді. Биыл жер көлемі 359 гектарға дейін ұлғайып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін орналастырды.
Бұл бағытта жастар белсенділік танытуда. Былтыр 2 ауылдағы жастар бригадалары 20 гектарға егін ексе, биыл 4 ауылда жастар бригадалары құрылып, 60 гектар бақша өсірді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін наурыз айынан бастап жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді.
«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, айына 2 рет өткізілетін жәрмеңкеде азық-түлік базар бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылады. Сонымен бірге, «Байқоңыр» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт негізінде 2 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оларды азық-түлікпен толықтыру мақсатында, оның ішінде ақталған күрішке байланысты шаруашылық құрылымдарымен меморандум жасалған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<