Бүгін Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен «Сырдария» өзені арқылы келетін суды қауіпсіз деңгейде өткізу шаралары туралы арнайы жиын өтті.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Amanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Ауылдық округ әкімдері ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта қосылды.
Жиында аудан аумағындағы су тасқыны қаупінің алдын алу, қорғаныс бөгеттерінің жай-күйі және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы нақты іс-шаралар талқыланды.
Аудан аумағында оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай жалпы ұзындығы 260 шақырымды құрайтын «Сырдария» өзені ағады. Қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 71,6 шақырымды құрайды (оның ішінде оң жағалауы – 63,3 шақырым, сол жағалауы – 8,3 шақырым).
Су басу қаупі бар аймаққа өзен жағасында орналасқан 5 елді мекен кіреді. Аталған елді мекендерде 7 462 тұрғын және 1 370 тұрғын үй орналасқан.
Жиын барысында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Шиелісушар» өндірістік бөлімше басшысы Дихан Әубәкіров өзендегі су деңгейінің қазіргі жағдайы, гидротехникалық нысандардың жұмысы және су өткізу мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділет Нұрмантаев төтенше жағдайлардың алдын алу, күш-құралдардың дайындығы жайлы хабарлады.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, қорғаныс бөгеттерін күшейту, қауіпті учаскелерде кезекшілік ұйымдастыру, қажетті техника мен материалдық қорды дайын ұстау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






