Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары өткен жылы Сырдария өзенінен суды заңсыз алып келген 24 тіркелмеген сорғы қондырғысын анықтады.
Инспекция – Түркістан, Қызылорда облыстарындағы және Шымкент қаласындағы су қорын реттеу, пайдалану және қорғау саласындағы өңірлік орган. Заңсыз қондырғылар осы үш аумақта тіркелді.
Судың көлеңкелі нарығымен айналысқандарға бірден айыппұл салмай, алдымен түсіндіру жұмысын жүргіздік. Өткен жылы осындай 350-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. 447 әкімшілік хаттама толтырылып, 50 млн 500 мың теңге, оның ішінде заңсыз су пайдаланғандарға 18 млн теңге айыппұл салынды. Су кодексінің талабы бойынша су пайдаланушы жердің астынан, үстінен су алу үшін міндетті түрде арнайы құжат рәсімдеуі керек. Инспекцияның рұқсатын алғаннан кейін тиісті мекемелер тұтынушыға келісімшарт арқылы су жеткізіп береді. Келісімшартсыз және арнайы құжатсыз су пайдаланатындардың әрекеті заңсыз болып есептеледі, – деді инспекция басшысы Зейнолла Қазтоғанов.
Оның айтуынша, 2024-2028 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес таяу болашақта барлық каналды автоматтандыру, цифрландыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл кімнің қанша су алып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді, яғни судың артық айналымы тыйылады.
Су кодексінің ең бірінші мақсаты – суды үнемдеп және қайтадан пайдалану. Облыста суды екінші мәрте пайдалану технологияларын қолданатын 12 кәсіпорын, оның ішінде мұнай компаниялары да бар. Аталған технология бойынша мұнаймен ілесіп келетін суды алып, тазалап, жердің қыртысын сақтап қалу үшін қайтадан төмен қарай тастайды. Мұндай кәсіпорындар бізге екі жылдың ішінде суды тиімді пайдалану жоспарын ұсынады, ал оны бес жылда жүзеге асыруы қажет, – деді инспекция басшысы.
Бұған дейін біз оқырман назарына инспекция басшысымен Орталық Азиядағы ең ірі өзен – Сырдария мен Кіші Аралдың қазіргі жағдайы, оны сақтап қалудың жолы жөніндегі сұхбатты ұсындық.






