Сырдария ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандар қатары толығып, құрылыс саласы айтарлықтай дамып келеді. Тиісінше, биыл 7,4 млрд.теңгені құрайтын 62 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұған қоса, осы жылы жол жөндеу саласына қатысты 30 жобаға 1 млрд.теңге қаржы бөлініп, 14,3 шақырым жол қайта жөнделмек. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев хабарлады.
– Биыл ауданымызда «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында құны – 488,7 млн.теңгені құрайтын 12 жоба, ал облыстық бюджеттен 335,2 млн.теңге болатын 19 жоба және өтпелі саналған 3 жоба жүргізілуде. Осыған сәйкес, «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» және «Шымкент-Самара-Тереңөзек» автомобиль жолына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, ауданымызда тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда құны 2,7 млрд.теңгені құрайтын қаржыға Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері және трансформаторлары толық жаңартылады. Ал Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендеріне жаңа электр желілерін орнатуға демеушілер есебінен қажетті жобалар қарастырылады, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Аудан әкімі баспасөз конференциясында ауыз су мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша, биыл демеушілердің қолдауымен ауыз су құбырын жаңарту үшін 6 жоба әзірленбек. Осылайша, Шаған және Қоғалыкөл елді мекендері толық ауыз сумен қамтылмақ. Ал Тереңөзек кенті мен Аманкелді ауылына қатысты үш жобаны арнайы қаржыландыру күтілуде.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<